Мәшһүр Жүсіп өзінің "Ана тілі туралы" атты жазбасында (Мәшһүр Жүсіп шығармалары. 9-том. Павлодар-2006. 317 б.) Қазақ Тілі туралы былай дейді:
"... Сарттан оқығаны сарт тіліне еліктеді. Ноғайдан оқығаны ноғай тіліне еліктеді. Анан сұратқан орыстан оқығаны орыс тіліне еліктеді. Өзінің жергілікті тілінен айырылып қалды. Қатын ешқандай, ешкімнен оқыған жоқ. Бұрынғы ескі қазақ тілі қатында қалды. Осы қатын тілін дұрыс білетұғын қазақ жоқ демейін, саналмаса, нама қалған шығар. "Ана тілі" дегеннің мәнісі - осы".
Әулиенің осындағы "Бұрынғы ескі қазақ тілі" деп отырғаны - біздің ата-бабаларымыздың Тілі - бағзыдан келе жатқан қасиетті АТА ТІЛ. Оның неліктен "Ата Тіл" болатындығының себебін біз талай мақалаларымызда дәлелдеп айтқанбыз. Сол мақалалардың басты бірі - Жұмабай Шаштайұлы ағамыздың арқасында "Қазақ Әдебиеті" газетінің төрт бірдей нөмірінде тұтас жарияланған "Ұлттық Ис пен "көптілділік" һәм Ұлттық идеология" (ҚӘ. қараша-желтоқсан. №№ 47 -50. 2012) аталмыш мақала-тын. Онда біз сан мыңдаған жылдар бойы кемелдене қалыптасқан Ата Тіліміздің әлемдік барша адасқақ ілімдердің (діндердің) де қадымғы хақ негіздерінің құпиясын жасырын да жария сақтап тұрған аса қасиетті де құпия Тіл екендігіне сандаған ғылыми мысалдар келтірдік. Қазіргі заманда бізге ауадай қажетті Ұлттық идеология негізінің де Ата Тілде екендігі, "Үштұғырлы тіл" саясатының Қазақты "үш тілмен тірідей бауыздап өлтіретін" сорақы қылмыс екендігі де сонда баяндалды.
Қош. ол мақаланы оқығысы келетіндер - өздері тауып алып оқи жатар. Ал, біз бүгін Жоғарғы Билігіміздің "Үштұғырлы тіл" саясатының қазақ халқын тірідей жойып жіберуге бағытталған алапат қылмыс екендігі жайында бұрындары айтқандарымыздың басты тұжырымын осы желіде қысқа да нұсқа түрде тағы да бір қайталайық.
***
[caption id="attachment_16135" align="alignright" width="292"] Тыныштықбек Әбдікәкімұлы[/caption]
Жалпы, Ата Тіліміздегі ежелден келе жатқан БЕСТАНЫМ (Адамтану, Табиғаттану, Күнтану, Ғарыштану, Тәңіртану) Ілімінің аңқымалық ғажап ғылым-білімі жайында біз талай айттық, талай жаздық. Сондай Сөздердің бір парасы парақшамызда да сақтаулы тұр. Бестаным Ілімінің құпиясы тек Сөзтаным арқылы ғана ашылады. Сөзтаным дегеніміз - Тілтаным. Оны өзімізше зерттеп жүргенімізге де ширек ғасыр болды. Ал, Тілді білмесек, Сөзтаным-Тілтаным ғылым-білімін қалай игермекпіз? Әне, Ата Тілдің аса қасиеттілігі де, аса қажеттілігі де сонда.
Әлемдік ғылым әлі күнге дейін адам баласының нендей жаратылыс екендігін түпкілікті біле алмай, дал болып отыр. Біздің Ата Тілімізге ол Бесенеден (Бес Ене: 1. "Бес Шеше". 2. "Жазмыш". 3. "Маңдай". 4. Время первотворения ) бері белгілі. Мысалы, адамтанудың ежелден келе жатқан аңқымалық сансыз терминдері мен қағидаттарынан үш-ақ Сөз алайық:
ИС (душистое дуновение; ароматное происхождение; душистый Дух),
ЕС (душистое дуновение; душистый Дух-Разум; ароматное Сознание; благоухающая Память)
ОН ЕКІ МҮШЕ (оны он түрлі он сезім мүшесі һәм "Сөз бен Істің мүшелері" ретіндегі тіл мен қол-аяқ)
Аңқымалық мән-мағынасы һәм мәнісі мен маңызы шынында да керім рухани жұпар аңқыған осы Сөздер жайындағы жазбаларымызды оқығысы келгендер парақшамыздан оқи алады. Біз ИС (жұпар Рух - жұпар Тек) яки Рух жайына ғана тоқталамыз.
Рух демекші, арабтық бұл сөздің негізі - "Рих". Ол да "ЕС" (жұпар жел - самал) я "ИС" (ароматное дуновение.,) сөздері секілді, "жел" дегенді білдіреді, бірақ, рухани жұпары жоқ. "Рих" сөзінің көне түрі - ебірейлік бүлінгі "Руакх" (тыныс-дем) сөзі. Оның о бастағы таза түпнұсқасы - арғы бабаларымыздың аңқымалық көне "ҮРІК" (ауыздан шыққан жұпар жел; жұмақтық жұпар Рух) термині. Тегінде, әлемдік философия мен теологияда "Рух" деген мәнде қолданылатын көптеген сөздер - біздің бағзыдан келе жатқан Ата Тілімізде ғана таза сақталған. Солардың басты біреуі - "Жұпар" (душистый Дух), латындық бүлінгі үлгісі - "Спир(ит)". Яғни, арабтық "Рух" сөзі де қадымдағы "ҮР" (ауыздан жұпар жел шығар; жұмақтық жұпар жел; жұпар Рух; жұпар Жұмақ) Сөзі негізіндегі аңқымалық ежелгі "ҮРІК" (ҮР+ік) терминінен былайша бүліне түзілген: ҮРІК - "Руакх" - "Рих" - "Рух". "Рух" деген сөздің аңқымалық байырғы мәнісін де, оның нендей құбылыс екендігін де арабтың әлі күнге дейін мүлде білмейтіндігі содан. Тіпті, олардың "Аспаннан түскен Кітабында" да оған еш жауап жоқ:
"Олар сенен жан (руһ) туралы сұрайды. "Жан дүниесін Тәңірім ғана біледі. Сендерге берілген білімнің шегі аз ғана", - де" (Құран кәрім, аударғандар. Рәтбек қажы Нысанбайұлы, Уаһап Қыдырханұлы. "Исіра" сүресі, 85-аят. 243 б.).
Құрандағы Рух туралы барша "білім" - осы аят қана. Ал, "Рух" сөзінің қай сөзден қалайша бүліне жаратылғанымен қоса, оның аңқымалық көне мәнісі де, Рухтың қандай құбылыс екендігі де Қазақтың Ата Тіліне бесенеден белгілі.
****
Біздің дана бабалар Рухты "ІЙЕ" деп те атаған. Славян бауырлар тілінде ол ықшамдалып, "ЙА" (Я: "Мен") түріне көшсе, бүлінгі "ЕГЕ" нұсқасы латын тілінде "ЭГО" (Я. "Мен") кейпіне енеді. Дана Абайдың "Мен" мен "менікі"-нің мағынасы - екі"; "Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел-бастан" дегендегі "МЕН" ("Мен!" деуші Адам-Рух) жаратылысының сөзтанымдық бір сыры осындай. Ал, жалпы, "Мен"-нің "Біз!" деуші ортақшыл Рух (ҚОШ ЕГЕ), немесе, тек "Мен! Мен!" деуші менмен-өзімшіл Рух (КЕЖ ЕГЕ) болуының сыры, ол - аңқымалық өзінше бір доктрина.
Сонымен, Сөзтанымдағы мынадай кері трансформацияның куәсі болдық:
ІЙЕ - "ЙА" (Мен)
ІЙЕ - "ЕГЕ" - "ЭГО" (Мен)
"Қош Еге" (Адам ретіндегі жұпар Ійе-Рух), "Жұпар Ійе" (Құдай ретіндегі жұпар Рух), т.с.с. аңқымалық бағзы терминдер солайша түзілген. Аңқымалық көне "Жұпар" термині латын тілінде "Спирит" түрінде көрінсе, араб тілінде ол бүлінгі "Жаф(ф)ар" түрінде тірлік етеді.
Жұпар Рух (ЙС) өзінің он екі мүшесі (сезім мүшелері) арқылы, қоршаған ортадан алатын барша "информацияны" яки Ойларды (дыбыссыз Сөздерді) "Ойлау Мүшесі" ретіндегі Мый (ЕС) дүниесінде қорытып, сәйкесінше "шешім қабылдап", соған орай, жасампаздық я жойымпаздық көрсетеді.
Мыйдағы барша Ой - Рухтың өз Ойлары (Сөздері). Ол сол Ойлармен яки "Сөздермен" шексіз комбинация жасап, таң-ғажайып өмір туындатып жатады. Тіл дегеніміз, әне, - сондай ғажап! Кез келген ұлттың Тілі де - сондай жасампаз да жойымпаз құдірет!
Қош. Енді, ұлттың кез келген жеке өкілінің Тіліне келейік. Әрине, оның Тілі де - өз ұлтының Тілі негізінде ғана қалыптаса өмір сүретін өзінше бір феномен. Сондай қасиетімен ғана ол - сол ұлттың аса қабілетті, таза да текті әрі кемел өкілі бола алмақ. Міне, біздің айтпақшы болып отырған қасіретті мәселеміздің мәнісі де тура осы жағдаяттардан шығады.
***
Бойға біткен баланың, құрсақта жетілу барысында, ең әуелі "өз Анасын танумен ұдайы шұғылданатындығын" қазіргі жұрттың бәрі дерлік біледі. Яғни, перзент Дүниеге келмей тұрып-ақ, жатырда жатып, өз Анасының мінез-құлқын, немен шұғылданатындығын, дауысын, т.с.с. факторлардың барлығын түйсік деңгейінде "ұғынуға" жетіседі. Соның ішіндегі ең маңызды фактор, әрине, - Ата Тіл негізінде сөйленетін Сөздер. Демек, "әр сәби, құрсақта жатып-ақ, өз Ата Тілін меңгере бастайды" деген сөз. Сөйтіп, ол құрсақтық "тоғыз ай, он күн" ғұмырында Ұлт Перзенті болудың алғашқы негіздерін қалыптастырады. Ол мерзімді "бір жыл" деп қоялық, яғни, "бір жас".
Осы орайда, Аңқыманың адамтанудағы кезекті бір постулатын келтіреміз:
"Он үште - отау Ійесі"
Байқайсыздар ма, әңгіме басында айтылған көне "Ійе" (Адам-Рух) термині қайта шықты алдымыздан. Ал, осындағы "отау" дегеніміз қандай "отау"? Оны Аңқымадан мақұрым қалып мәңгүрттенген кейінгі қазақ кәдімгі отаумен (жас жұбайлар мекені ретіндегі кійіз үймен) шатастырады. Жоқ, ол "отау" - Рух басқарымындағы Ақыл-Естің "Отауы". Ақыл-Ес Ійесі ретіндегі Рух жаратылысының тағы бір аксиомасының "Отыз омыртқа, қырық қабырға" болатындығы да және ол қағиданың кәдімгі отау (жас жұбайлардың кійіз үйі) формуласы болып табылатындығы да сондықтан.
Сонда, мынадай даналықты ұғынуымыз қажет. Рухтың өзі "жартылайеркек-жартылайұрғашы" түріндегі біртұтас жаратылыс. Соған орай, оның өзінің де, өз басқарымындағы Ақыл-Естің де қабілеттік сипаттары "Аңқыр-Әке" және "Мүңкір-Шеше" ("Аңқыл" және "Жеріт" деген атаулары да бар) түрінде болады. Сондай "еркек Аңқыр" мен "ұрғашы Мүңкір" түріндегі "әке-шешелік" жұп қабілеттің өзара ұдайы "ортақ тірлік етуі" барысында, Сана ішінде, "ядролық тізбекті реакция" принципі негізінде, сансыз Ойлар (дыбыссыз Сөздер) "күркірей" жаратылып жатады. Солардың бәрі - Рухтың "Әке-Шеше" ретіндегі Аңқыры мен Мүңкірінің ортақ балалары". Яғни, "Ес Отауының Ійесі (Рух) мен оның балаларының Бастағы тұрағы" - өзінше бір рухани "Отау". "Рух пен Ес тұрағы" ретіндегі Басқа кигізілетін дәстүрлі баскиімдердің бірінің "Тақия" ("Тәкие": баспана) аталғандығы да содан.
Міне, "Он үште - Отау Ійесі" қағидасының бір сыры, қысқаша айтқанда, осылай ашылады. Мұндағы "он үш" дегеніміз - адамның жас мөлшері. Соның өзі - перзенттің жоғарыда баяндалған "құрсақтың бір жыл ғұмыры" мен құрсақтан шығып, кәдімгі адам баласы ретінде өмір сүргендегі он екі жылдың қосындысы:
"Құрсақтық" бір жыл + туғаннан кейінгі балалық он екі жыл = он үш жыл"
***
"Он үште - Отау Ійесі". Енді осы постулаттың аңқымалық бағзы мәнісін тұжырымдайық. Мұндағы "Отау" мен "Ійе" жайында да айтылды. Ал, аталмыш қағидадағы "он үш"-тің "құрсақтық" бір жыл + туғаннан кейінгі балалық он екі жыл = он үш жыл" екендігін де білдік. Яғни, "құрсақтық "тоғыз ай, он күн" ғұмырында Ұлт Перзенті болудың алғашқы негіздерін өз түйсігінде Ата Тіл арқылы қалыптастыратын ұрпақ, Дүниеге келген соң, он екі жыл бойы, Ұлт Перзенті болудың әуелгі толық бір стадиялық циклын бастан өткереді" деген сөз. Сол он екі жылдың да аңқымалық өз анықтамалары бар:
"Он екіде - бір Гүл".
"Он екіде бір гүлі ашылған (я ашылмаған)".
Ал, осындағы "Гүл" дегеніміз нендей ұғым? Ол, "Бастағы Бақтың" ("Көсегенің" яки жұпарлы Жұмақ Естің) символы ретіндегі "Гүл" ғана емес, - сол "Бастағы Бақтың Ійесі" ретіндегі жұпар Рухтың (Қош Егенің) да символы ретіндегі "рухани Гүл". Абай айтқан "Иманигүл" - сол "Гүлдің" арқасында ғана пайда болатын періштелік құбылыс.
Сонымен, "Он екіде - бір Гүл" постулатының бір интерпретациясы:
"Рух ретіндегі жас ұрпақ бастапқы он екі жылда Ұлт Перзенті болып қалыптасудың Ата Тіл қамқорлығындағы алғашқы әрі негізгі стадиясын бастан өткереді". "Құрсақтық ғұмырын" қоссақ, "Он үште - Отау Ійесі".
Міне, ұрпақтың Ұлт Перзенті болып қалыптасуының алғашқы тәңірлік шартын көзге шұқып көрсетердей көзейтін әрі көсем де көркем айтып тұратын осындай да көне аңқымалық ғажап ғылым бар - қасиетті Ата Тілімізде. Шынын айтайық, біздің ширек ғасыр бойы "алуан құндылықтарына" ессіз-көзсіз елпеңдеп, елтіп, еліріп жүргеніміздегі "өркениетті елдердің" үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін даналық - бұл. Арғы бабаларымыздың ұрпақты Ана құрсағында да, туғаннан кейін де адамдық Рухының ("Ұлттық Мен"-інің) қалыптасуы барысында, шын мәнісінде елман (патриот) етіп тәрбиелеудегі ұстанған қарапайым да қастерлі рухани тағылымның басты бір формуласы жөніндегі айтылар сөздердің бірегейі - осындай.
Әрине, бұл тақырыпты дендете берсек, Ата Тілімізде данышпандық сөз көп. Өте көп. Әңгімемізді қорытындылауға көшеміз.
****
"Он екіде - бір Гүл" постулатының интерпретациясын тағы бір қайталайық: "Рух ретіндегі әр жас ұрпақ бастапқы он екі жылда Ұлт Перзенті болып қалыптасудың Ата Тіл қамқорлығындағы алғашқы әрі негізгі стадиясын бастан өткереді". "Құрсақтық ғұмырын" қоссақ, "Он үште - Отау Ійесі".
Яғни, әр баланың тек өз ұлтының таза әрі кемел өкілі болып қалыптасуына қажетті басты аңқымалық алғы шарт - ұрпақтың әуелгі он үш жыл ("құрсақтық ғұмырды" қоса есептегенде) бойы тек өз Ата Тілінің құндылықтары негізінде ғана бірыңғай таза оқып өсуі, тәрбиеленуі. Мұндағы "өз Ата Тілінің құндылықтары негізіндегі бірыңғай ұлттық тәрбие мен оқу-білім" дегеніміз не? Ол - Ата Тіл әлемі тұтас қамтып тұратын ұлттық әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің, ұлттық фольклордың, ұлттық дүниетанымның, т.с.с. сансыз этнографиялық рухани қазыналардың біртұтас гармониялы жиынтығы. Ал, біздің жас ұрпақты елман (ұлт патриоты) етіп тәрбиелеудегі қазіргі ұлттық ұстанымымыз бен бағдарламамыз, қайрат-қарекетіміз қалай? Қалай болушы еді, өте қорқынышты! Себебі, "Он екіде - бір Гүл", "Он үште - Отау Ійесі" канондарының Ұлт Перзентін қалыптастырудағы атам замандағы тәңірлік мәнісі мен маңызынан біз мүлде йсалмаспыз.
Қазір "Үштұғырлы тіл" саясатының пәрмені балабақшаға да жетті. Яғни, орысшаланған қоғамымыздағы қазақ баласы үш жасынан бастап, өз тілін де, орыс тілін де, ағылшын тілін де "бірмезетте үйрене" бастайды. Ал, ұрпақтың ұлттық "Мен"-і қалыптасуының бірыңғай Ата Тіл құндылықтарының ғана негізінде, он үш жыл ұдайы әрі үздіксіз жүргізілер ұлттық тәрбие мен оқу барысында ғана мүмкін екендігін ескерсек, "үш тілді қатар меңгермек" үшжасар сорлы ұрпағымыздың ұлттық Рухы құнарының өзге тілдер әсерінен салған жерден-ақ бірден "сұрапыл шайыла" бастайтындығы - ақымаққа да аян жағдай. Нәтижесінде, ешқандай ұлттық "Мен"-і жоқ, не қазақ емес, не орыс емес, не ағылшын емес, тұтас бір дүбәра ұрпақ пайда бола бастайды. Сәйкесінше, ол ұрпақтың санасының өзі де - "алашұбар Сана" кейпіне, сөздік қорының да "улы винегрет" сипатына енетіндігі даусыз. Бейнелеп айтқанда - солай. Ондай дүбәра ұрпақтың келешек қоғамының да "алашұбар-улы винегрет" түрінде болмағы және заңды. Ұлт солай құриды. Соның бәрі - йсалмастықтан. Ол йсалмастық (Аңқыма Ілімінің рухани "жұпарынан" дым сезбейтін топастық) - кешегі ақпатшалық-қызылпатшалық орыс империясының саналы түрде жоспарланған үшғасырдайғы озбыр отарлауының адам төзбестей зардабынан қалыптасып қалған ерекше мәңгүрттік. Пәрменді түрде жүрізіле бастаған "Үштұғырлы тіл" саясатының кесірінен һәм "Қазақстан халқы Ассамблеясы" аталмыш еш қажетсіз ұйымның көлгір тірлігінің салдарынан, Ата Заңымыздағы "Орыс тілі - ұлтаралық қарым-қатынас тілі" деген жөнсіз баптың күннен күнге сұрапылдана күш алып бара жатқандығы да - сондай мәңгүрттігіміздің, түкке қажеті жоқ әсіретолеранттылығымыздың, жалпақшешейлігіміздің, көрші елдердің қабағын баққандағы қосүрейлігіміздің, "өркениетті елдерге" көзсіз табынудағы аңғал мен есалаңға ғана тән елікпе елірмелілігіміздің, ұлттық қасиеттен жұрдай болып бара жатқан кембағалдығымыздың сорақы нәтижесі. Біз солайша, ұлт ретінде, жер бетінен біржолата өліп-жоғалудың әлемде теңдесі жоқ қиямет-қайым тауқыметін бастан кешудеміз. Болашағын ойламайтын бейқош қазақтарға ол қасірет мүлде жоқ секілді болып та көрінеді. Сондай қаперсіздік бізді ақыры, Білім-Ғылым министрлігінің "Қазақ Елінің қабірін түпкілікті қазарлықтай" сұмдық оспадар шешіміне душарландырды. Әрине, "Елге (Ұлттық Тілге) қабір қазудың" Ұлт ақылына сыймас ондай оңбаған қарекеті, әзірше, Президентіміздің тәк-тәгімен ғана тоқтап тұрған секілденеді. Бірақ, "Үш тұғырлы тіл" саясаты өзінің сол баяғы үдемелі қарқынында. Соның өзі рухани-парасат қоғамын құруға қажет Адамдарды қалыптастырудың қамы емес, материалдық-техникалық құндылықтар қоғамын құруға ғана қажет Мамандарды ғана қалыптастырудың ешқандай теорияға сүйенбеген жойдасыз бір сорақы амалы. "Қоғамының Басы" ретіндегі биліктегілеріміздің басым бөлігінің көрші елдің мемлекеттік тілінде ғана тірлік ететіндігі де сол себепті. "Сағадиевтік білім реформасы" мен "Үштұғырлы тіл" саясаты барда, мемлекеттік қасиетті Ата Тіліміздің қолданыстан біржола шығып қалуының қаупі барған сайын зорая бермек. Оның ақыры қазақ халқының жойылуына апарады.
Тыныштықбек Әбдікәкімов.