Төрт адам қаза тапқан жол апаты: Ақтөбеде шетелдік жүргізуші ақталды

Самал Асқар 16 нау. 2026 17:01

Ақтөбе облысында төрт адамның өліміне әкелген жол апатына қатысты іс бойынша Қырғызстан азаматы ақталды, деп хабарлайды Dala News.

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты 33 жастағы Қырғызстан азаматы Рамазан Инфуровты қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмағандықтан ақтау туралы шешім шығарды.

Қайғылы оқиға 2023 жылғы 21 ақпанда Самара – Шымкент автожолының 921-шақырымында болған. Тергеу деректеріне сәйкес, Инфуров басқарған Volvo жүк көлігі мен Mitsubishi Montero Sport жол талғамайтын көлігі соқтығысқан.

Апат салдарынан 31 жастағы ер адам мен оның екі кішкентай баласы оқиға орнында қаза тапқан, ал тағы бір бала кейін ауруханада көз жұмды. Жол талғамайтын көлікті басқарған 32 жастағы әйел – марқұмның жұбайы – аман қалған.

Алғашында әйелге ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылған. Алайда ол өз кінәсін мойындамай, қарсы жолақта бензовозды басып озған жүк көлігі өзіне қауіп төндіргенін айтқан. Оның сөзінше, сол сәтте көлікті тежегенде машина тайып кетіп, соқтығыс орын алған.

Сот әйелдің кінәсін дәлелдейтін нақты айғақтар жоқ деп танып, оны ақтаған.

Кейін дәл осы айып бойынша жүк көлігінің жүргізушісі Рамазан Инфуров жауапқа тартылды. Ол да айыпты мойындамай, басып озуды аяқтап, өз жолағына қайта оралғанын, ал жол талғамайтын көлік қарсы бағытқа шығып кеткенін мәлімдеген.

Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Қорғаушы тарап жүргізушінің кінәсін дәлелдейтін айғақтар жеткіліксіз екенін айтқан.

Сот нәтижесінде Инфуров толық ақталып, оның заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны үшін өтемақы талап ету құқығы танылды. Сот оны қамаудан дереу босату туралы қаулы шығарды.

Зардап шеккен тараптың 50 млн теңге көлеміндегі азаматтық талабы қараусыз қалдырылды. Тараптарға апелляциялық шағым беру үшін 15 тәулік уақыт берілді.

Сонымен қатар төрағалық етуші судья Исмаилова іс бойынша тергеу барысында қылмыстық-процестік заңнама талаптарының бұзылғанын атап өтіп, Ақтөбе облысының прокуратурасы мен полиция департаментінің басшылығына жеке қаулы жолдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove