Қазіргі қоғамда жастардың радикалды немесе экстремистік топтардың ықпалына түсіп кету қаупі жиі талқыланып жүр. Одан қалай сақтануға болады? Осы тақырып төңірегінде Dalanews.kz тілшісі дінтанушы Еркінбек Шоқаевпен сұхбаттасты.
– Қандай жастар радикалды немесе экстремистік топтардың ықпалына еріп кетуге бейім келеді?
– Бұл белгілі бір деңгейде табиғи құбылыс деп айтуға болады. Себебі жас кезде адам еліктегіш, әсерленгіш болады. Жастар жаңа идеяларға, тың мәліметтерге қызығушылықпен қарайды. Өзі бұрын естімеген ақпарат айтылса, соған ерекше назар аударады.
Сондықтан жастар тек радикалды немесе экстремистік топтардың ғана емес, түрлі идеологиялардың ықпалына еріп кетуі мүмкін. Мысалы, қазіргі жастардың арасында батыстық өмір салтына еліктеу де байқалады. Кейбірі шетелге қысқа уақытқа барып келсе де, сол жақтың өмір сүру үлгісіне бірден қызығып, соған ұқсауға тырысып жатады.
Бұл – жастық шаққа тән қасиет. Яғни жастар жаңа құбылыстарға, жаңа идеяларға, жаңа ақпараттарға бейім келеді.
Екінші маңызды мәселе – адамның рухани қажеттілігі. Әр адамның бойында рухани азыққа деген мұқтаждық бар. Егер бұл қажеттілік дұрыс жолмен қамтамасыз етілмесе, онда түрлі радикалды немесе деструктивті бағыттағы уағызшылар сол олқылықты пайдаланып кетуі мүмкін. Олар адамға рухани қолдау көрсетіп, өз идеологияларын ұсынып, сол арқылы өз ықпалына тартады.
Тағы бір маңызды фактор – әлеуметтік жағдай. Кейбір секталық сипаттағы топтар адамдардың әлеуметтік немесе материалдық тұрғыдан осал тұстарын пайдаланады. Мысалы, көмек көрсетіп, сыйлық беріп, қолдау білдіру арқылы сеніміне кіреді. Осындай тәсілдер арқылы көптеген жастардың радикалды топтардың ықпалына түсіп кеткенін байқаймыз.
– Жастардың терроризм мен экстремизм идеологиясына алданып қалмауы үшін ата-ана мен қоғам не істеуі керек?
– Ең алдымен сауаттандыру қажет. Жастардың діни сауатын дұрыс ашу керек. Себебі ескертілген адам сақ болады. Егер жастар дін туралы дұрыс білім алса, онда олардың бойында рухани иммунитет қалыптасады.
Сонымен қатар қоғамда жұмыссыздық мәселесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Қазақта «жұмысы жоқтық – аздырар» деген сөз бар. Егер жастардың бос уақыты көп болса, олар әртүрлі пайдалы немесе зиянды әрекеттерге араласып кетуі мүмкін.
Ал егер жастардың уақыты пайдалы істермен, білім алумен, еңбекпен, спортпен толтырылған болса, олардың теріс идеологияларға еріп кету ықтималдығы әлдеқайда төмендейді. Сонымен бірге еңбек ету арқылы әлеуметтік жағдайы да жақсарады. Бұл да адамның түрлі радикалды идеяларға алданып қалмауына ықпал етеді.
– Интернет пен әлеуметтік желілер арқылы таралатын радикалды үгіт-насихаттың алдын алу үшін қандай шаралар қажет?
– Қазіргі заманда интернет пен әлеуметтік желілерді толық шектеу мүмкін емес. Әрине, мемлекет тарапынан кейбір сайттар мен парақшаларды бұғаттау шаралары жасалып жатыр. Бірақ бір парақша жабылса, оның орнына бірнеше жаңа парақша ашылып кетеді.
Қазақта «уды у қайтарады» деген сөз бар. Яғни теріс үгіт-насихатқа қарсы дұрыс үгіт-насихат жүргізу керек.
Интернет пен әлеуметтік желілерде біздің насихатшыларымыз белсенді болуы тиіс. Олар жастарға түсінікті, әсерлі әрі заманауи форматта ақпарат жеткізе білуі керек.
Бүгінде елімізде халықтың білім деңгейі жоғары, жазу-сызуды білетін сауатты қоғам қалыптасқан. Сонымен қатар ақпарат көздері де жеткілікті. Егер жастарға дұрыс бағыттағы ақпарат, сапалы дәрістер, түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде ұсынылса, олар әртүрлі теріс пиғылды ақпараттарды салыстырып қарап, өздері дұрыс таңдау жасай алады.
