Тоқаевты қандай мемлекет басшылары құттықтады?

Самал Асқар 16 нау. 2026 20:50

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жаңа Конституция жобасы бойынша өткен республикалық референдумға байланысты шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсуде, деп хабарлайды Dala News.

Ақорданың мәліметінше, Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстандағы конституциялық өзгерістер екі ел арасындағы одақтастық қатынастар мен жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайта түсетінін атап өткен. Оның айтуынша, жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесі Тоқаевтың мемлекеттік институттарды күшейту және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытындағы бастамаларына кең қолдау бар екенін көрсетеді.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру Жаңа Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал етіп, халықаралық беделін арттыратынына сенім білдірген. Оның айтуынша, референдумға азаматтардың белсенді қатысуы жүргізіліп жатқан реформалардың халық тарапынан қолдау тапқанын айқын көрсетеді.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Тоқаевты референдумның табысты өтуімен құттықтап, бұл тарихи қадам Қазақстанның одан әрі өркендеуіне және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететінін атап өткен. Сонымен қатар ол Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі тұрақты түрде нығайып келе жатқанын жеткізген.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев жаңа Конституцияның қабылдануын Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы деп бағалап, бұл құжат саяси жүйені жаңғыртып, елдің қарқынды дамуына және халықаралық рөлінің артуына ықпал ететінін мәлімдеген.

Беларусь Президенті Александр Лукашенко Конституциядағы қағидаттардың іске асуы Қазақстанның гүлденуіне негіз болатынын айтып, референдум нәтижесі Тоқаев жүргізіп отырған жаңғыру бағытына азаматтардың сенімі жоғары екенін дәлелдегенін атап өткен.

Сербия Президенті Александр Вучич Тоқаевтың реформалары мен бастамалары елдің дамуына бағытталған маңызды қадам екенін айтып, Қазақстанның өршіл мақсаттарға ұмтылуын жоғары бағалаған.

Армения Премьер-министрі Никол Пашинян жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесі қазақстандықтардың ел тәуелсіздігін сақтауға және заң үстемдігі орнаған қоғам құруға жауапкершілікпен қарайтынын көрсететінін жеткізген.

Сонымен қатар Қазақстан Президентін Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев, ТМД бас хатшысы Сергей Лебедев, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, ҰҚШҰ бас хатшысы Таалатбек Масадыков, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Асад Маджид Хан, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес төрағасы Бақытжан Сағынтаев және басқа да халықаралық ұйым жетекшілері құттықтаған.

Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысының атына құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove