Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Dala News.
Ақорданың мәліметінше, әңгіме барысында Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанда өткен жалпыхалықтық референдумның табысты өтуімен құттықтады. Оның айтуынша, дауыс беру нәтижесі қазақстандықтардың мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыру бағытын қолдайтынын көрсетті.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев жылы лебіз білдіргені және Қырғызстаннан референдумға байқаушылар жіберілгені үшін алғыс айтты. Президент конституциялық реформалар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
Тараптар қазақ-қырғыз қатынастарының болашағын талқылап, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтуға дайын екенін растады.
Сонымен қатар президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, алдағы кездесулердің кестесін талқылады.
