Жақында Түркістанда көкпардан әлем чемпионаты өтеді. Алайда бұл додаға басты қарсыластардың бірі — Қырғызстан құрамасының қатыспайтыны белгілі болды. Осы тұста спорт журналисі Ақырыс Сейітқазы Көкпар федерациясының ақпараттық жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Бір-екі күнде Түркістанда көкпардан әлем чемпионаты өтеді. Сол сынға көршілес Қырғызстан командасының қатыспайтынын әріптесіміз Аслан Қаженовтен оқыдым. Осыған байланысты нақты ақпар алу үшін федерациямен байланыс іздей бастадым. Себебі көкпар федерациясының ресми аккаунттарында Қырғызстанның қатыспайтыны жайлы хат-хабар атымен жоқ екен. Әдетте, мұндай жағдайды федерацияның өзі түсіндіруі қажет. Оның үстіне, Қырғызстан көкпардағы басты қарсыласымыз болған соң, сұрақтың туындауы заңды”, — деп жазды ол.
Журналист осыған байланысты нақты мәлімет алу үшін федерация өкілдерімен байланысуға тырысқан. Алайда олар Қырғызстан құрамасына қатысты қосымша түсініктеме беруден бас тартқан.
“Ұйымның ресми өкілі Сәкен Сейітхан атты журналисті тауып алып, хабарластым. Бірақ бұл өкілдің жауаптары екіұдай пікір қалдырды. Алдымен ол Қырғызстанға қатысты ресми жауапты Аслан Қаженов арқылы жарияладық, соған алып-қосарымыз жоқ деді. Сол жерден аларсың дегенге келтірді. Содан соң, мандаттық комиссия әлі өтпегенін, сол үшін ресми жауап жазбағандарын айтты (қай сөзіне сенейін?). Мен мұнымен келіспей, федерация тарапынан ресми жауап талап еттім. Сосын ол телефон арқылы жауап бермейтінін, вице-президент атына ресми сауал жолдауды сұрады.
Келістім, бірақ чемпионат әне-міне басталатынын ескеріп, телефоннан жауап беру ыңғайлы әрі тез нұсқа екенін айттым. Содан бұл кісі менің журналистігіме күмән келтіре бастады”, — деді ол.
Ақырыс Сейітқазы бұл жағдай өзін таңғалдырғанын айтады. Оның сөзінше, қазіргі уақытта байланыс құралдары дамыған, сондықтан телефон немесе онлайн форматта пікір алу қалыпты тәжірибе.
“Ойлаңызшы, вице-президент сізді танымайды. Танымайтын адамға телефонмен қалай жауап береді? Аслан сияқты келіп, сұрап алмайсыз ба?", - деді.
Біріншіден, мен өзімді толық таныстырдым, спорт журналисі, Sportbugin.kz сайтының редакторы екенімді айттым.
Екіншіден, менің аймақтарға барып жүретін мүмкіндігім аз. Чемпионатқа баратын мүмкіндік те жоқ. Оның үстіне, қазір байланыстың неше түрлі тәсілі дамыды. Тіпті, Миланда жүрген Шайдоровтың бапкерінен де Алматыдағы үйімде отырып сұхбат алдым. Сондықтан, мына тұрған Түркістаннан телефонмен жауап беру еш ағаттық емес.
Үшіншіден, бұл кісі мені төмендетіп, алалап тұрғандай әсер қалдырды. "Вице-президент сізді танымайды, қалай жауап береді" дегені осындай ойға жетелейді. Яғни, көкпар федерациясы тек танымал журналистермен ғана жұмыс істейді деген ойда қалдым”, - деп қосты ол.
Сонымен қатар ол федерация өкілі өзін “провокация жасауға тырысып отыр” деп айыптағанын жазды.
“Ал мен бар болғаны: “Қырғызстан неге қатыспайды және бұл туралы неге ресми мәлімдеме болмады?”, - дедім”, - дейді журналист.
Ақырыс Сейітқазы қазіргі уақытта федерацияға ресми сауал жолдағанын және жауап күтіп отырғанын хабарлады.
“Жауабын күтелік, қашан келетінін білмеймін. Бірақ осы әлем чемпионаты тым асығыс жасалып жатқандай әсер қалдырды. Чемпионаттың өтетіні жайлы бір ай бұрын ғана хабарланды. Бұл уақытта кім дайындалып үлгереді?”, - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан тарапы да жарысқа шақыру кеш жіберілгенін айтып, толыққанды дайындыққа уақыт жетпегенін мәлімдеген. Олардың сөзінше, мұндай деңгейдегі жарысқа қатысу үшін тек ойыншыларды емес, аттарды да алдын ала дайындау қажет.
“Одан бөлек, Қырғызстан көк-бөрүден өздерінің ең ауқымды жарысына дайындалып жатыр. Чемпионатты соған тұспа-тұс қою да – қателік”, - деп қосты журналист.
Журналист тағы бір жайтқа назар аударған.
“Бір қызығы, чемпионат қарсаңында көкпардан ұлттық құраманың бас бапкерін ауыстырып жіберген. Мұнда да қандай логика барын білмедім.
Ал Айдарбек Қожаназаров басқаратын федерацияның БАҚ-пен жұмысы мүлде көңіл көншітпейді”, — деп түйіндеді ол.
