Жол саласында 11 млрд теңгенің күмәнді шығыны анықталды

Самал Асқар 16 нау. 2026 14:55

Қазақстанда автомобиль жолдарының барлық кезеңін қамтыған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы кешенді талдау жүргізілді, деп хабарлайды Dala News.

Сараптама нәтижесінде жолдарды жоспарлау, салу және техникалық қадағалау жүйесіндегі жүйелі кемшіліктерді жоюға бағытталған 80-нен астам ұсыныс әзірленді.

Тексеру барысында өңірлерде жобалардың сметалық құны 11 млрд теңгеге негізсіз өсірілгені анықталған.

Сонымен қатар, 362 ескірген жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) анықталып, оларды әзірлеуге 23 млрд теңге тиімсіз жұмсалған. Бұдан бөлек, 27 млрд теңгенің 324 нысаны міндетті мемлекеттік сараптамадан өтпегені белгілі болды.

Сондай-ақ 70 компанияның жұмыс тәжірибесі туралы жалған мәліметтер ұсыну арқылы шамамен 408 млрд теңгенің келісімшарттарын алғаны тіркелген.

Аталған ұсыныстарды орындау аясында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Енді автомобиль жолдары нысандарында техникалық және авторлық қадағалау жүргізетін тұлғалар мемлекеттік функцияларды орындайтын адамдарға теңестірілді.

Сонымен қатар Ұлттық жол активтері сапасы орталығының ескертулері жойылмайынша, жолдарды пайдалануға беруге тікелей тыйым салынды.

Жол саласын цифрландыру мақсатында жол-құрылыс материалдарының бірыңғай ақпараттық базасы енгізілді. Бұл жүйе карьерден бастап зертханалық сынақ нәтижелеріне дейінгі мәліметтерді ашық көрсетіп, өнім сапасы туралы ақпаратты бұрмалау тәуекелін азайтады.

Жүргізілген реформалар 2026 жылы жол саласына бөлінетін 360 млрд теңгеден астам бюджет қаражатының ашық әрі тиімді игерілуін қамтамасыз етуге бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove