Әйелдің айтуынша, отасқан төрт жылда көрген қорлығым қалмапты. Енесі осындай отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресіп, әйел мен бала құқығын қорғап жүрген белсенді екен мәлім болды.
Аружан жолдасы Елнұр Байметовпен 2018 жылы отау құрған. Орталарында қос құлыншақ бар.
– Біздікі отбасы деген аты ғана. Бірге болған жылдарымның барлығында ұрып-соғудан көз ашпадым, – дейді Аружан. Келіншектің айтуынша, көрмегені жоқ. Ұрған, соққан, буындырған. 20 градус суықта балконға қамап қойған. Көп жағдайға жанжалға отағасының шектен тыс қызғаныш себеп болады екен.
Соңғы кездері Аружанның жолдасын оны өз туысқандарынан да қызғанатын деңгейге жетіпті. Желіде тараған видеоға да сондай жағдай себеп болыпты. жәбірленуші Аружан Байметова
– Біз екеуміз менің туыстарымның шақыртуымен караокеге бардық. Бір сәтте мен қолыма микрофан алып ән шырқай бастадым. Екінші микрофонды күйеу балам, яғни, сіңлімнің жолдасы алып қосылды. Күйеуім дереу ұялы телефоныма қорқытып хабарлама жіберді. Кеш тарқап үйге келгенде жедел саты есігі жабылмай жатып мені ұра бастады. Мен жерге құлап қалдым. Бірақ жолдасының сол күнгі төмпеші мұнымен бітпепті, – дейді жәбірленуші Аружан Байметова.
Аружанның күйеуі өздерін үйге жеткізіп тастаған інісімен бірге болғанын айтып, әйелін тағы соққының астына алған. Бірақ полиция бұл деректі ескермеген. Жалпы сол күнгі соққыдан келіншектің төрт бірдей сүйегі сынып, миы шайқалған. Ал енесі болса, бұл бәріміздің басымыздан өткен жағдай деп жұбатады екен.
– Оның ата-анасы жанжал үстінен түскенде оны сабырға шақыруға тырысатын. Анасы менімен өте көп сөйлесетін. Барлығы жақсы болады деп сендірді. «Барлық ерлер осылай ұрады, мені де ұрды, менің әжемді де ұрды» дейтін. Мен осы сөздердің маған әсер ете бастағанын да байқамай қалыппын, – дейді Аружан.
Сол сабырға шақырған енесі Шымкент қаласындағы белсенділердің бірі екен. Дәлірек айтқанда, балалар мен әйелдер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы. Ұлы желіні шулатқаннан кейін Гүлайым Шұңғараева әлеуметтік желідегі парақшаларын түгел өшіріп тастауға мәжбүр болған.
Өзімен телефон арқылы тілдескендерге баласын қолдамайтынын айтқан.
– Бұл жағдайды қолдамаймын. Бірақ бұл Астанада болған оқиға. Төрт жарым жыл бойы балам мен келінім менің қолымда тұрды. Ол кезде қол жұмсау деген болған емес, – дейді күдіктінің анасы Гүлайым Шұңғараева.
Әйел құқығын қорғап жүрген белсенділер мұндай жағдайдың көптігін, бірақ басым бөлігі жабулы қазан күйінде қалатынын айтады. Жыл басталғалы төрт айда тағы 300-ден астам дерек анықталған. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың маусымынан бастап жаңа жүйені ойластырып қойыпты. Енді жәбір көрген әр азаматтың дерегі арнайы кітапшаға тіркеледі.
– Бірінші маусымнан бастап ел бойынша жаңа жобаны бастаймыз. Енді денсаулық сақтау ұйымдарына шағымданған әр азаматты арнайы журналға тіркейміз. Зорлық-зомбылық, ұрып-соғу, жәбірлеу фактілері барлығы жазылады. Осылайша тек қана тұрмыстық емес, барлық зорлық-зомбылықты анықтаймыз, – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Ал лифт ішінде әйелін соққыға жыққан ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 107 бабы бойынша денсаулығына қасақана зиян келтіру бабымен қылмыстық іс қозғалған. Жігіттің өзі бостандықта. Оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберген. «Қалған ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді» деп қысқа қайырды тәртіп сақшылары. Ал жолдасынан зәбір көрген Аружан Байметова жақын күндері заңды түрде ажыраспақшы.