Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мемлекеттің банк секторын сауықтыруға қанша қаржы бөлгенін айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.
2008-2016 жылдар
"Осы аралықта қаржы институттарына бөлінген қаражат 2007-2008 жылғы жаһандық дағдарыстың салдарын жоюға бағытталды", – дейді агенттік өкілдері.
Үкімет 4 бірдей банктің акциясын сатып алу үшін 476,1 млрд теңге бөлген. Оның 415 млрд-ы қайтарылыпты.
Ал қалғаны ше?
"Қалғаны БТА банкін қайта құрылымдауға жұмсалды", - дейді агенттік.
2017 жыл
2017 жылы банк секторын сауықтыру үшін 5 ірі қаржылық институтқа көмек көрсетілген екен. Бұл бесеуге елдегі қарыз портфелінің 30 пайызы әрі квазимемлекеттік сектор мен қарапайым халықтың 25 пайыз депозиті тиесілі.
"Көрсетілген көмектің жалпы көлемі 653,7 млрд теңгені құрады.
Оларға (банктерге) қол ұшын созуымыздың себебі қайтарылмаған несиелердің үлесі жоғары болды. Бұлар қаржы институттарының капиталын азайтып, несиелеу қарқынын бәсеңдетіп жіберді.
Мемлекеттен көмек алған банктер қарызды соңғы тиынына дейін үстемесімен қосып, алдағы 13 жылдың ішінде қайтарып береді. 653,7 млрд қарыз берген Үкімет шамамен 1 трлн теңге табыс табады. Мемлекеттен қарыз алған қаржылық институттар әзіргі күні 2 трлн теңгеге тарта несие беріп үлгерді", – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері.
Бұдан бұрын Мәжілісте депутаттар дабыл қағып, қазақстандық банктердің Үкіметті "сауын сиырға" айналдырып алғанын айтты.
"Бұларға бөлінген ақша мақсатсыз, бей-берекет жұмсалуда. Қаржылық сектордың сауығып кеткені шамалы. Банктер әлдене болса мемлекетке алақан жаюға әдеттеніп алды. Экономиканы несиелеудің ахуалы мен талаптары сын көтермейді. Айналып келгенде бөлінген ақша далаға шашылды", – дейді депутат Ерлан Барлыбаев.
Бұдан бұрын президент Тоқаев банктердің бизнесті несиелеуін қамтамасыз етіп, ұзақ жылға әрі қолайлы шартпен кредиттеуді бұйырған.