Ұлттық Банктің ҚҚС өскен жағдайда инфляцияны тежеп ұстау бойынша, әзірге жоспары жоқ

Кәмшат Тілеухан 30 қаң. 2025 11:49 506

Бүгін, 2025 жылы 30 қаңтарда Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтан журналистер қауымы ҚҚС-тің өсу мүмкіндігіне қатысты сауал қойды. Нақтырақ айтқанда, одан тілшілер мұндайда инфляцияны тежеп ұстау қарастырылып отырған-отырмағанын білуге тырысты, деп жазады Dalanews.kz.

"Алдымен бұл арада ҚҚС мөлшерлемесі 16% немесе 20%-ға дейін өседі ме, яғни қаншаға өсетінін түсініп алуымыз  керек", деп сөзін бастаған ол Ұлттық Банкі қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі көтерілгеннен кейін инфляцияны қалай тежеп ұстауға болатынын әлі білмейтінін жеткізді.

Сенат дәлізінде оны қаумалаған тілшілер тағы бір сауалды алға тартты: "Президенттің инфляцияны тежеу жөніндегі тапсырмасы мен министрлер кабинетінің ҚҚС-ты көтеру туралы ұсынысын ескерсек, бұл арада Ұлттық банк пен Үкімет арасында мүдделер қайшылығы бар деп айтуға болады ма?".

"Осы сауалға, менің ойымша, баспасөз мәслихатында Тимур Мұратұлы (Сүлейменов, ҰБ төрағасы) және менің өзге де әріптестерім бұған дейін жауап берген.  Бұл - үкімет пен Ұлттық Банктің бірлескен жұмысы. Үкіметке кеңес беріп, инфляцияны тежеу мәселесінде көмектесеміз, бұл назардан тыс қалдыруға жатпайтын бірлесе атқаратын жұмыстар. Мемлекет басшысы шығындарды қысқарту, оларды оңтайландыру және сол арқылы қаражатты тек өзекті, маңызды істерге бағыттау қажеттігін айтып отыр. Қазір іске қосылған процесті алға жылжыту үшін Үкімет пен Ұлттық Банк шараларды күшейтетін болады", - деп жауап берді Шолпанқұлов.

Алдымен, оның айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесі 16% немесе 20% болады ма, соны анық біліп алу керек.

"Қазір қызу талқы жүріп жатыр. Біз қандай механизм қабылданатынына сүйене отырып, экономикалық есептеулер жүргіземіз", - деп сөзін толықтырды Шолпанқұлов. 

Ол мемлекеттің шығыс және кіріс бөліктері Ұлттық қордың қаражаты есебінен өтелетін жағдайды болдырмас үшін теңгерімді болуы керек екенін баса атап өтті. 

Айта кетсек, бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов қосымша құн салығы мөлшерлемесін көтеру керек деп санайтынын жария еткен. Оның айтуынша, осылайша Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені күрт азайтуға болады. Сондай-ақ вице-премьер Серік Жұманғарин ҚҚС шегін қазіргі 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынды. ҚҚС өскен жағдайда үкімет жұмыс берушінің аударуы тиіс әлеуметтік салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын жоюы мүмкін. Бұл Еңбекақы қорына түсетін жүктемені 10-30%-а төмендетеді деп күтіледі. "Ал мұндайда бұл шығындарды бюджет өз мойнына ала алады", - деп атап өтті вице-премьер Серік Жұманғарин.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің қосымша құн салығы (ҚҚС) көлемін арттыру туралы ұсынысын қолдады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл ретте реформа керек. Ал сарапшылар қауымының бірі парасы бұл бастамаға наразы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар