Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің қосымша құн салығы (ҚҚС) көлемін арттыру туралы ұсынысын қолдады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп жазады Dalanews.kz.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Үкімет отырысында таныстырған салық реформасына сәйкес, ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету жоспарланған. Сонымен бірге Үкімет салық мөлшерлемесін көтеруді де қарастырып отыр. Оның мөлшерлеме көлемін министрлер Парламент депутаттарымен талқылауды жоспарлап отыр.
"Осылай, жұмыс істеңіздер. Реформа қажет екенін растаймын. Қазір біздің басты міндетіміз – Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер көлемін азайту, оның жинақтаушы функциясын күшейту. Жинақталған қаражатты ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағыттау қажет. Сол арқылы мемлекетті дамыту функциясын нығайтатын боламыз. Дегенмен бұл мәселеге әлі де тереңірек үңілу керек", – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде экономика салаларын әртараптандыру міндетінің әлі толыққанды орындалмағанына, Қазақстан экономикасының әлі де Ұлттық қорға тәуелді екеніне баса назар аудартты.
Айта кетсек,бұған дейін Үкімет қосымша құн салығы мөлшерлемесін көтеруді ұсынған еді. Ал ҚҚС өскен жағдайда үкімет жұмыс берушінің аударуы тиіс әлеуметтік салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын жоюы мүмкін. Бұл Еңбекақы қорына түсетін жүктемені 10-30%-ға төмендетеді деп күтіледі. "Ал мұндайда бұл шығындарды бюджет өз мойнына ала алады", - деп атап өтті вице-премьер Серік Жұманғарин. Сарапшылар қауымының бірі парасы бұл бастамаға наразы.