Қазақстанда қосымша құн салығын (ҚҚС) 12%-дан 20%-ға дейін бірден өсіру туралы күбір-сыбыр әңгіме жыл аяғында айтыла бастаған. Содан күні кеше, 23 қаңтарда премьер-министр Олжас Бектеновтың сарапшыларды, экономистер мен бизнес өкілдерін Үкімет үйіне арнайы шақыртып алып, жасаған жиынында ол талқыланған №1 мәселеге айналып шыға келді. Иә, Салық кодексінің тұжырымдамасына қатысты ұсыныстарды талқылау үшін жан-жақтан білікті деген барлық мамандар Астанаға арнайы алдыртылды. Соған қарағанда бүгінгі Үкімет отырысында осы өзгерістің енгізу жайы жарияланып та қалуы мүмкін бе, қалай? Сондықтан енді осы мәселе түйткіліне үңілсек. Сарапшылар не дегенін өз назарларыңызға ұсына отыралық, деп жазады Dalanews.kz.
Осы сипаттағы сұраққа жауап берген сарапшылар Forbes Kazakhstan порталына Үкіметке бұл өзгеріс бюджет жыртықтарын жамау үшін керек болып отырғанын айтыпты. Онда да Үкімет бір ҚҚС көлемін арттырғанға қанағаттанатын түрі жоқ, өзге де кәсіпкерлерге арналған бұған дейінгі жеңілдетілген салықтық режимдердің де күшін жоймақ ниетте көрінеді.
"Бір айлық жалақыңды мемлекетке бер…"
"Учёт" компаниялар тобының негізін қалаушы, салық мәселелері жөніндегі сарапшы Максим Барышев ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға көтеруге түбегейлі қарсы. Оның пайымынша, мұндай қадам халыққа едәуір салмақ түсіреді:
"Менің қолымдағы есеп бойынша, бұл өзгерістер қабылданса, бюджетке шамамен 7,5 трлн теңге көлемінде қосымша кіріс түседі деп болжанады. Онда да бұл ақша сіз бен біздің қалтамыздан шығады. Басқаша айтқанда, Қазақстанның әрбір азаматы, кішкентай сәбилерді де қосып алғанда, жыл сайын қосымша 375 мың теңге салық төлейді деген сөз. Елдегі орташа жалақы 390 328 теңге болса, ҚҚС көтерілген жағдайда әр қазақстандық жылына бір айлық табысын салыққа беруі керек болады".
Маманның есебінше, ҚҚС шегін жылына 15 млн теңгеге дейін төмендету арқылы ҚҚС төлеушілердің қатарына қазіргі 110 мың ұйымға қосымша тағы 300 мыңға жуық шағын бизнес субъектісі тіркелмек. Бұл, біріншіден, бухгалтерлік қызмет нарығында аласапыран туғызады, екіншіден, электронды шот-фактуралар мен салық есептілігін тапсырудағы сауатсыздық көбейіп, айыппұл мен есепшоттардың бұғатталуы жиілейді. Бұл, сөзсіз, кәсіпкерлік белсенділікке ауыр соққы болмақ.
Баға өсімі
ҚҚС ставкасының өсуі ресми түрде сатылатын барлық тауар мен өнімнің қымбаттауына әкеліп соғады. Барышевтың айтуынша, бұған қоса шағын және орта бизнес тұраласа, орта мерзімде экономиканың баяулап, тіпті тоқырауы да ықтимал. Ол "әлемнің ешбір елінде салықты өсіру экономикалық өрлеуге жол ашпағанын" қадап-қадап айтады.
Сарапшы соңғы бірнеше жылда Қазақстанда қосымша салықтар енгізілгенін айта кетті: дивидендке салынатын салық, жалақыдан алынатын міндетті медициналық сақтандыру жарналары және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы аударымдары. Соның салдарынан көлеңкелі экономиканың үлесі көбейіп, бюджет кірісі, керісінше азайып отырғанына назар аудартты.
"Естеріңізде ме, 2000 жылдан 2009 жылға дейін ҚҚС мөлшерлемесі 20%-дан 12%-ға дейін біртіндеп азайтылған жылдары экономикамыз 10%-дан астам өсімді көрсетті. 2010-2011 жылдардағы 12% ҚҚС кезінде де өсім 7%-дан асты. Экономиканың дамуы салықтың көбеюіне емес, еңбек өнімділігінің артуына байланысты болады", – дейді ол.
Барышевтың айтуынша, дәл қазір сауда, қоғамдық тамақтану және құрылыс салалары экономиканың негізгі тіректері болып табылады. Мейрамхана сияқты қоғамдық тамақтану орындарындағы қарқын – осы салаға арналған жеңілдетілген (розничный налог) салықтың арқасы. Құрылыс саласы да жеке тұлғалар үй сатып алған кезде ҚҚС төлеуден босатылған соң өсім беруде. Енді ретроспективаға қарсы қадам жасалып, дәмхана-мейрамхана саласын қолдап келген салық жеңілдігі тоқтатылуы мүмкін, ал пәтер сатып алушыларды ҚҚС-қа қайта тарту жайы талқыланып жатыр.
"Сұраныс икемділігінің факторы іске қосылғанда, сатып алушылар саны азайып, ақшалай айналым бәлкім көп өзгермеуі мүмкін, бірақ сатылатын тауар немесе көрсетілетін қызмет көлемі күрт төмендейді. Егер 2030 жылға қарай экономика көлемін екі есе арттыруды көздесек, ҚҚС-ты көтермеуіміз керек. Керісінше бизнеске қолдау көрсетіп, ішкі тұтыныс пен экспортты ұлғайтуға бағытталған ынталандыру шараларын ойластыру қажет. Оны қазіргі 12% деңгейін сақтап тұрып-ақ жүзеге асыруға, сонымен бірге жалақыға түсетін салық ауыртпалығын да азайтуға болады", – деп сөзін түйіндейді Барышева.
Қоғамдық келісімге селкеу түсірген кім?
AERC компаниясының бас директоры, Tengenomika телеграм-арнасының авторы, экономист Ғалымжан Айтқазин бюджет пен салық жүйесіндегі өзгерістердің қажет екенін мойындай отырып, оның халық пен бизнеске ауыр тиетінін жоққа шығармайды:
"ҚҚС – түптеп келгенде тұтынысқа салынатын салық. Сондықтан ол бірінші кезекте қарапайым халықтың қалтасын қағады. Алайда салық-бюджет саясатын қайта қарауымызға бірнеше фактор түрткі болып отыр. Мәселен, 2019 жылдан 2023 жылға дейін бюджеттің кірісі мен шығысы арасындағы айырмашылық 5,2 трлн теңгеден 10,7 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл тапшылықты жабу үшін Үкімет қарыз алуға және Ұлттық қордың трансфертін пайдалануға мәжбүр. Ал Ұлттық қорға қатысты жағдай мәз емес: соңғы 10 жылда қордан 40 трлн теңге алынған, бұл сол кезеңдегі түсімнен 10 трлн теңгеге артық. Ал мұндай іс-қимыл экономика буфері болып табылатын қорды әйтеуір бір күні түгесуге әкеліп соғады".
Экономист қазіргі кезде инфрақұрылым (энергетика, су шаруашылығы, көлік-логистика) күрделі жаңғыртуды талап ететінін, бұл бюджеттің мойнына артылған үлкен жүк болып отырғанын еске салды. Бұл салаға қаржы салмасақ, экономикамыз тоқырап қалуы да ғажап емес.
"Салық жүйесіндегі іргелі өзгерістер – "қоғамдық келісім" ұғымына әсер ететін қадам. Демек мемлекет мұндайда қарсы тарапқа да міндеттемелер ұсынып, мемлекеттік қаржыны басқару ісін жетілдіруі керек. Дәл осы тұста халықаралық стандарттарды енгізу, бюджетті қатаң бақылау, экономикадағы мемлекеттік үлесті азайту және шынайы бәсекені дамыту маңызды", – дейді Айтқазин.
Оның айтуынша, Үкіметтің салық жүктемесін өсіруді көздеуі белгілі бір дәрежеде түсінікті болғанымен, бизнес-қауымдастық мұның салдарын жағымсыз жағын көріп отыр. Көбі бірден "шағын және орта бизнес қараңғылыққа тап болады, экономикада тоқырау басталады, кәсіпорындар банкроттыққа ұшырайды" деген болжам жасайды.
"Тесікті жамаймыз" деп осындай құрбандыққа баруға болады ма?
"Қоғамдық тамақтану ұйымдарының өзін-өзі реттеу қауымдастығының" төрағасы Вероника Даугалиева шағын және орта бизнеске, оның ішінде мейрамханаларға тікелей әсер ететін мұндай ұсыныс саланың түбіне жетіп тынады ма деп алаңдайды. Елімізде 60 мыңнан астам кәсіпорын ШОБ қатарында болса, соның 50 мыңға жуығы – қоғамдық тамақтану орындары (дәмхана-мейрамханалар).
"Шағын бизнес – халықты жыл бойы жұмыспен қамтып отырған негізгі сектор. Қазірдің өзінде жалға алу, коммуналдық төлемдер екі-үш есеге өскен. Оған салық ауыртпалығы да қосылса, көп кәсіпорындар мұндайға төтеп бере алмайды".
Верониканың есебінше, егер ҚҚС 20%-ға көтерілсе әрі бөлшек салық алып тасталса, ҚҚС шегі төмендетілсе, 24 мыңға жуық бизнес нысаны жабылып, 600 млрд теңге берешек бойынша банкротқа ұшырауы мүмкін. Оның 200-250 миллиарды ғана қайтарылуы ықтимал, қалған сома мүлде өтелмей қалады, өйткені көптеген кәсіпкерлердің сататын мүлкі де жоқ.
Бұл пікірді Lanzhou жылдам тамақтану желісінің негізін қалаушы, «Қоғамдық тамақтану қауымдастығының» кеңесшісі әрі Орталық Азия франчайзинг қауымдастығының төрайымы Гүлбану Майгарина да қуаттайды:
"Қазақстандағы салық жүйесі "пайда таппас бұрын салық төле" деген қағидаға негізделген. Мысалы, жалақы төлей салысымен бірден 40% салық кетеді. Ал ҚҚС шегі 15 млн теңгеге түсірілсе, бұл кәсіпкерлерді тоқсан сайын салық төлеуге міндеттейді. Кей кездері таза пайда жоқ болса да, төлем жасалады. Бұл "бюджет тесіктерін" жамаудың жолы болғанымен, бұдан ең алдымен шағын және орта бизнес зардап шегетін болады".
Майгаринаның пайымынша, ҚҚС пен оның шегін осылай өзгерткенше, қазір жұмыс істеп тұрған тиімді механизмдерді сақтаған жөн: мысалы, бөлшек салық. "Бұл ШОБ үшін өте ыңғайлы, қарапайым және түсінікті құрал, өз тиімділігін дәлелдеді де", – дейді ол.
"Бөлшек салыққа қатысты қандай да бір өзгертуді енгізбес бұрын, оның іс жүзіндегі тиімділігіне талдау жүргізу керек. Одан кейін барып қана шешім қабылдау логикалық тұрғыда дұрыс болар еді. Жүйені сол күйінде қалдырғанымыз жөн. Тіпті, кәсіпкер төлемді әр чектен автоматты түрде аударып отыратын бірыңғай ставка енгізген күннің өзінде бизнеске түсетін салмақ арта қоймайды. Ал мемлекет үшін түсім тұрақты әрі түсінікті болады", – деп сөзін толықтырады Майгарина.
"Піл әсері"
Денсаулық сақтау саласына қажетті бұйымдар мен азық-түлік өндіретін кәсіпорындардың иесі Алмас Мұхаметов бұл ұсынысты абсурд деп атап, мұны "бизнеске кәдімгідей қырғидай тию" деп санайды. Оның сөзінше, салықтың мұндай үлкейтілген мөлшерін тез қабылдап, дереу іске қосу – орынсыз қадам.
"Егер ҚҚС-ты бірден 20%-ға өсірсек, тауар құны кемінде 30%-ға қымбаттайды. Өйткені нан пісіретін наубайхананы алайық: ол 100 теңгенің ұнын сатып алған кезінде 12% ҚҚС төлеп отыр. Енді соңында шығатын дайын өнім – нан – 200-300 теңге аралығында сатылады, бұл бағаға да ҚҚС кіреді. Сонда шикізат үшін төленген, дайын тауардан түсетін салық және тағы басқа шығындар бір-біріне қосылып, кәсіпорынның мойнына ауыр салмақ түсіреді. Олар амалсыздан бағаны одан әрі көтермек. Нәтижесінде нан, бір ғана 8%-дық өсім емес, екі есе қымбаттауы мүмкін. Сонда оны кім сатып алады? Бұл, әсіресе шағын бизнес үшін орасан қауіп. Мұндайда инфляция деңгейі 8 немесе 15%-бен шектеліп қалмасы анық", - дейді ол.
"Экономикада "көбелектің қанаты" немесе "піл әсері" деген ұғым бар: кішкентай оқиға үлкен салдар тудыратын кезде айтылады.
"Мұндайда сол "піл әсері" іске қосылады. ҚҚС мөлшерін 8 пайыздық пунктке ғана көтеру экономикаға айтарлықтай зардабын тигізіп, жұмыссыздықты, инфляцияны арттырады да, тұтыну төмендейді. Бизнес қазіргі жағдайда да әрең келеді. Бұлай салықты өсіру – соңғы соққы іспетті", – дейді ол.
Мұхаметовтың сөзінше, егер салықты осылай көтерсе, кәсіпкерлердің тең жартысы көлеңкелі нарыққа кетеді немесе "шынайы өндіріспен айналысқаннан гөрі, Қытайдан арзанырақ тауар тасып сатқан тиімді" деген ойға келіп, бәрі саудаға қарай аууы мүмкін.
"Уақыттың ауысуына қатысты мәселе шешімінде халықтың сөзі ескерілмеді. Енді мына салық туралы өзгерісті де қаперге алмаса, жағдай қиын болады. Бұл – бизнес үшін, шын мәнінде, тоқырау болмақ. Нәтижесінде мемлекет те салықтан түсетін табысынан айырылып, кері кетуі мүмкін", – деп сөзін қорытты ол.
"Барша кәсіпкерді көлеңкеден шығаруға тиіспіз!"
Үкіметте айтылып жатқан ұсыныстарды Мәжіліс толық қолдап отырған жоқ. Мысалы, депутат Айтуар Қошмамбетов "ҚҚС-ты 20%-ға дейін көтеру – тым ауыр және тиімсіз шешім" екенін ашық айтады:
"Бизнес мұндай шешімге қуана қоймасы анық. Мәжілісте, әзірге бұл мәселе талқыланған жоқ. Тек Үкімет деңгейінде, сарапшылар отырысында ғана сөз болды. Егер Парламентке ресми түрде келсе, өз басым қарсы боламын".
Қошмамбетовтың пікірінше, заңды түрде салық төлеп жүрген кәсіпкерлерге одан бетер қысым жасағаннан гөрі, "көлеңкелі нарыққа" кеткен субьектілерді жарыққа шығару маңызды. Сондай-ақ экономикадағы мемлекеттік үлесті азайтып, квазимемлекеттік секторды қысқарту керектігін айтады:
"Біздегі әділетсіздіктің бірі – біреулер мүлдем салық төлемейді, ал адал жұмыс істеп жүргендерді одан сайын қыса береміз. Алдымен осы көлеңкелі экономиканы тыйып, бәрін бір деңгейге қойған дұрыс. Одан кейін барып қана салық мөлшерін талқылауға болады".
Сарапшылар дамыған елдердің тәжірибесін де үлгі етеді. Мәселен, Біріккен Араб Әмірлігінде ҚҚС 5% болса, Сингапурда – 9%, Швейцарияда – 8,1%, Оңтүстік Кореяда – 10%. Тіпті АҚШ-тың кейбір штатында мұндай салық атымен жоқ.
"Бүкіл әлемде салықты көтеру экономиканы өшіретінін көріп келеміз. Бізге ең бастысы – оңтайлы ставкамен бірге көлеңкелі бизнесті заңдастыру және бюджет қаржысын басқаруды тәртіпке келтіру", – дейді мамандар.