Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан кеңейтілген отырыста Үкімет қосымша құн салығы мөлшерлемесін көтеруді ұсынды. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Сондай-ақ вице-премьер-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚҚС шегін қазіргі 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынды, деп жазады Dalanews.kz.
"Негізгі салық жүктемесі Еңбекақы төлеу қорына, яғни өзіндік құнға түседі. Тауар сөреге келіп түскенге дейін кәсіпкер салықтың көп бөлігін төлеп тастауға мәжбүр. Үкімет Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені оны сатуға қарай аудару арқылы азайтуды ұсынады. Ол үшін әлеуметтік жеңілдіктер мен жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы төлемдерін төмендете отырып, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру қажет", - деді премьер-министр.
Ал вице-премьер-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚҚС шегін қазіргі 78 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынды.
"Бүгінгі таңда елімізде 2,3 миллионнан астам салық төлеуші тіркелген болса, солардың ішінен қосымша құн салығын (ҚҚС) төлейтіндер саны небәрі 137 700 бизнес субъектісін құрап отыр. Бұл – барлық салық төлеушілердің 6 пайызы ғана. Ал нақты ҚҚС төлейтіндер – 88 мың субъект, яғни жалпы салық төлеушілердің 4 пайызына тең. Мұның бір себебі – ҚҚС бойынша есепке тұру шегінің жоғары болуында. Қазіргі кезде бұл меже 78 миллион теңгені құрайды", - деді ол.
Оның айтуынша, Үкімет сол межені 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді ұсынады.
"Бүгінде шағын және орта бизнес өкілдерінің 88 пайызы дәл осы ауқымдағы айналыммен жұмыс істейді. Сондықтан бұл өзгеріс аталған секторға елеулі салмақ түсіре қоймайды деп ойлаймыз. ЭЫДҰ (ОЭСР) елдерінде бұл шек бұдан да төмен, ал кейбір ірі экономикасы дамыған мемлекеттерде мүлдем нөлге тең", - деді Серік Жұманғарин.
Жұманғарин бұл бастаманың арқасында ҚҚС ақыры толық есепке алынып, салық төлеушілер қатары 300 мыңға жуық жаңа субъектпен толығады деп санайды.
Айта кетсек, бұған дейін таңертең ғана сайтымызда "Елімізде қосымша құн салығын өсіру көзделіп отыр. Сарапшылар қауымым бұған неге қарсы" деген мақала жарияланған болатын. Мақалада Үкімет бюджет жыртығын жамау үшін қосымша құн салығын (ҚҚС) 12%-дан 20%-ға дейін өсіруге ниетті екені айтылады. Ал сарапшылар мұндайда қатты қымбатшылық болатынын, ШОБ көлемі күрт қысқаратынын, сөйтіп бюджетке түсетін салық көлемі де азаятынын айтып, керісінше "артық қыламыз деп тыртық қылу" қаупі жоғары екеніндігін ескертеді.