Freedom Inside '26

Жузефина атымен танылған блогер қамауға алынды

Жузефина атымен танылған блогер қамауға алынды
ашық дереккөзден

Жузефина атымен белгілі блогер Жұлдыз Жауынбаева 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қаласының полиция департаменті хабарлады, деп жазады dalanews.kz.

Бұған дейін блогер әлеуметтік желіде әкесі тарапынан өзіне қатысты зорлық-зомбылық жасалғанын айтып, көпшілікке мәлімдеме жасаған еді.

Полицияның мәліметінше, осы жария мәлімдемелер бойынша тексеру жүргізілген. Контент авторы мен оның ата-анасы анықталып, олардан жауап алынған.

"Құқыққа қайшы әрекеттер туралы ақпарат расталмады. Бейнежазбада Алматы қаласының тұрғыны тыйым салынған заттарды қолданғанын көрсеткен. Медициналық куәландыру есірткі заттарын қолдану фактісін растады", – деп хабарлады полиция.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары блогердің әрекетінен ұсақ бұзақылық және жалған ақпарат тарату белгілері анықталғанын мәлімдеді.

Сот шешімімен Жұлдыз Жауынбаева 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұдан бөлек, жалған ақпарат таратқаны және ресми ескертуді бұзғаны үшін оған 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Полиция әлеуметтік желіде жарияланған кез келген мәлімет заң аясында тексерілетінін және жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылатынын ескертті.