Асқар Ақаев 2005 жылдың наурызында Қырғызстаннан кетуін қашу деп есептемейтінін айтып, бұл шешімі арқылы қантөгістің алдын алуға тырысқанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Exclusive.kg басылымына берген көлемді сұхбатында Қырғызстанның тұңғыш президенті саяси элитаның бір бөлігінің қарсылығына қарамастан, неге сомды енгізуді талап еткенін түсіндірді. Сондай-ақ 1990-жылдары "Құмтөр" жобасын іске қосудың қажеттілігі туралы айтып, балалары мен күйеу баласына қатысты тағылған айыптарға жауап берді. Бұдан бөлек, ол "Құмтөр" бойынша нақты не үшін кешірім сұрағанын да жеткізді.
Ақаевтың сөзінше, президенттік қызметіндегі басты жетістігі – ұлттық валютаны енгізу және демократияның қалыптасуы. Ал ең үлкен қателігі ретінде ол Ақсы оқиғасының алдын дер кезінде ала алмағанын атады.
Ақаев Қырғызстанды 1990 жылдан 2005 жылға дейін басқарды. "Қызғалдақ революциясы" кезінде ол елден кетіп, кейін ресми түрде отставкаға шықты.
Қазақстан үшін оның есімі тек қырғыз саясатымен ғана байланысты емес. 1990-жылдардың соңында Ақаевтың үлкен ұлы Айдар Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлияға үйленген. Бұл неке үш жылға созылды.
2005 жылғы оқиғалар кезінде дәл Назарбаев Ақаевтың Бішкектен кетіп, Қазақстан арқылы Ресейге ұшуына көмектескен. Осыдан кейін Қырғызстанның бұрынғы президенті Мәскеуге қоныстанып, ғылыми қызметпен айналыса бастады.