Freedom Inside '26

Тікелей эфирде есірткі пайдаланған алматылық блогер қамауға алынды

Тікелей эфирде есірткі пайдаланған алматылық блогер қамауға алынды
видео кадры

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында блогер Жұлдыз Жауынбаеваның әкесі тарапынан өзіне қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны туралы мәлімдемелері, сондай-ақ былапыт сөздер айтылған және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер көрсетілген бейнежазбалары анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Аталған жария мәлімдемелер бойынша тексеру жүргізілді. Контент авторы және оның ата-анасы анықталып, олардан жауап алынды. Құқыққа қайшы әрекеттер туралы ақпарат расталмады.

Бейнежазбада Алматы қаласының тұрғыны тыйым салынған заттарды қолданғанын көрсеткен. Медициналық куәландыру есірткі заттарын қолдану фактісін растады.

Сондай-ақ блогердің әрекеттерінен ұсақ бұзақылық жасау және жалған ақпарат тарату сияқты әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталды. Жиналған материалдар сотқа жолданды.

Бұдан бөлек, бұған дейін полиция қызметкерлері азаматшамен профилактикалық әңгіме жүргізіп, құқыққа қайшы мінез-құлыққа жол бермеу туралы ресми ескерту тапсырған. Сот қарауының нәтижесі бойынша құқық бұзушыға 10 тәулік әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды.

Сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны және ресми ескертуді бұзғаны үшін оған 25 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді.

Айта кету керек, бұған дейін ол арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Полиция жалған ақпарат тарату, қоғамдық тәртіпті бұзу, сондай-ақ өзге де құқыққа қайшы әрекеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Азаматтардың ықтимал құқық бұзушылықтар туралы барлық өтініштері міндетті түрде тексеріліп, заңда белгіленген тәртіппен қаралады.