Freedom Inside '26

Қазақстанда бензин қымбаттауы мүмкін - сарапшы себебін түсіндірді

Қазақстанда бензин қымбаттауы мүмкін - сарапшы себебін түсіндірді
Фото: Almaty.tv, iStoks

Қазақстанда АИ-92 бензинінің бағасы алдағы уақытта өсуі мүмкін. Экономист Меруерт Махмұтованың айтуынша, бұған жанармай бағасын мемлекеттік реттеудің тоқтатылуы, көрші елдермен арадағы баға айырмашылығы және ЕАЭО аясында ортақ мұнай нарығының құрылуы әсер етеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Махмұтова Қазақстанда өндірілетін бензин ішкі нарықтың сұранысын толық өтейтінін, алайда жанармай бағасы Ресей мен Қырғызстанға қарағанда әлі де төмен екенін айтты.

“Елімізде бензин ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жеткілікті көлемде өндіріледі. Бірақ жанармай бағасы субсидияланып отырғандықтан, Ресей мен Қырғызстандағы бағадан төмен болып отыр”, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, 2025 жылдың соңында Санкт-Петербургте өткен Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО елдері 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру туралы келісімге келген.

“Бұл шешім Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары былтырдан бері украиналық дрондардың шабуылына ұшырап жатқан кезеңде қабылданды”, – деді Махмұтова.

Сондай-ақ сарапшы Қазақстанда биыл 1 сәуірден бастап бензин бағасын өсіруге қойылған мораторийдің алынып тасталғанын және мемлекеттік баға реттеуі тоқтатылғанын еске салды.

Оның пікірінше, Қазақстандағы жанармай бағасы көрші елдердегі деңгейге жеткенше өсуі ықтимал.

“Баға Ресей мен Қырғызстандағы деңгейге теңескенше өседі деуге болады. Бұл жанармайдың Қазақстаннан бензин таситын көліктермен де, канистрмен де сыртқа шығарылуын тоқтатуға мүмкіндік береді. Бірақ Ресейде жанармай бағасының қашан тұрақтайтынын болжау қиын, өйткені ол жақта тапшылық күн сайын артып келеді”, – деді экономист.

Меруерт Махмұтова ішкі нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін шекараны жабу мәселесін де көтерді.

“Бағаны ұстап тұру үшін шекараны жабу қажет болар еді. Бірақ әзірге Қазақстан мұндай шешім қабылдауға дайын емес сияқты”,  – деп түйіндеді сарапшы.