Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізуге дайын екендерін мәлімдеді

Кәмшат Тілеухан 12 қар. 2024 19:05 1326

Ұлттық банк ұлттық валютаның құбылу жағдайын – шамадан тыс деп бағалайды. Бұған бүгін, 12 қарашада жарияланған валюта нарығындағы жағдайға қатысты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың түсініктемесінде баса назар аударылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазіргі уақытта біз жаһандық қаржы нарықтары тым қатты құбылып тұрғанын байқап отырмыз. Бұған, әлбетте, АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесі айтарлықтай ықпал етті. Дональд Трамптың жеңісі АҚШ долларын күшейтіп, дамушы елдердің валюталары, соның ішінде теңге де әлсіреді. Негізгі әлемдік валюталарға шаққандағы доллар бағамын көрсететін DXY индексі қыркүйек айының соңында 100,8 тармақта төмен мәнге жеткеннен кейін 5%-ға дейін нығайып, 105,5 тармаққа дейін өсті. ЕМ валюталарының индексі қыркүйек айының соңынан 4,2%-ға төмендеді (11 қарашадағы жағдай бойынша)", делінген түсініктемеде.

Оның үстіне, Молдабекованың айтуынша,мұнай котировкалары да қалыпты түрде төмендеп, бір баррелі 74-75 АҚШ долларынан 71,83 АҚШ долларына дейін түсті (2024 жылғы 11 қарашадағы жағдай бойынша). Себебі әлеуетті сауда баждары мен Дональд Трамптың президенттік кезеңінде АҚШ-тан көптеп мұнай жеткізудің өзі шамадан тыс артық ұсынысқа әкеледі деген экономистердің болжамы әсер етті. Оның үстіне, қуатты доллар – қашанда шикізат тауарлары үшін негативті фактор саналады.

"Сыртқы нарықтардағы құбылмалы жағдай валюта нарығына қатысушылардың қимыл-әрекетіне де әсер етеді. Біз шетел валютасына ұсыныс айтарлықтай төмендеп, оған деген сұраныстың бір мезгілде өскенін байқап отырмыз. Бұл өз кезегінде теңге бағамының әлсіреуіне ықпал етеді. 2024 жылғы қарашаның басынан бері ұлттық валютаның биржалық сауда-саттықтағы бағамы 1,4%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 495 теңгеге жетті", - дейді спикер.

 

Ұлттық банк төрағасының орынбасары, өкінішке қарай, спекулятивтік сипаттағы мәмілелердің көбейгені де байқалып отырғанын, бұл да айырбас бағамын тым құбылтып жіберетінін жеткізді.

"Өтімділік жеткіліксіз жағдайда бұл – бағамның айтарлықтай ауытқуына әкелуі мүмкін. Біз бұған дейін мәлімдегеніміздей, Ұлттық Банк ұлттық валюта бағамына тән өзгерістерге мән бере қоймайды. Өйткені мұның барлығы фундаменталды факторлармен дәйектелген. Алайда, соңғы күндердегі теңгенің құбылуына – тек қана фундаменталды факторлар ықпал етпей отырғанын айтуға мәжбүрміз. Осыған байланысты Ұлттық банк ұлттық валютаның құбылу шамасын – шамадан тыс деп бағалайды", - дейді ол.

Ұлттық банк ішкі валюта нарығындағы жағдайды қадағалап отырғаны да нақтыланады.

"Ағымдағы үрдістер, әсіресе, спекулятивті көңіл-күй сақталған жағдайда, әділ бағам қалыптастыруды қалпына келтіру үшін және ұлттық валюта бағамының күрт өзгеруіне жол бермеу үшін Ұлттық Банк жедел әрекет етіп, валюталық интервенция жүргізуге дайын", делінген Ұлттық банк түсініктемесінде.

Айта кетсек, бүгінгі таңда еліміздегі ақша айырбас орындарында орташа бағамда 1 АҚШ доллары 495 теңгеден сатылуда.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы қаржы нарығына қатысушылар арасында жүргізген сауаланама нәтижесіне сәйкес, 2025 жылы қараша айында бір АҚШ доллары 507 теңге болуы мүмкін.

ҚР Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов те соңғы кездері күш алған долларға қатысты өз пікірін білдірген болатын.

Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков 1 АҚШ долларының нақты құны 600 теңге болуы тиіс екенін, бірақ оны Ұлттық банк тежеп ұстап отырғанын айтады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар