Қазақстанның юаньмен алған қарызы 10 жылда 115 есе өскен

Қазақстанның юаньмен алған қарызы 10 жылда 115 есе өскен
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстан 2026 жылы 51,9 млрд доллар көлеміндегі сыртқы қарызын өтеуі тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл сома елдің жалпы сыртқы борышының шамамен үштен біріне тең. Салыстыру үшін, аталған көрсеткіш бір жылдық республикалық бюджет көлемінен де асып түседі, деп жазады Tizgin.kz.

Қазақстан Ұлттық банкі мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың басында елдің жалпы сыртқы қарызы 181,8 млрд долларды құраған. Оның ішінде 24,4 млрд доллары фирмааралық берешекке, 19,2 млрд доллары өзге секторларға тиесілі. Банктердің төлемі – 6,4 млрд доллар, мемлекеттік сектор – 1,6 млрд доллар, ал Ұлттық банк – 0,36 млрд доллар көлемінде міндеттеме алған. Қалған 59,3 млрд доллар тауарлар мен қызметтер арқылы өтеледі.

Қарыз құрылымында бұрынғыдай негізгі үлес жеке секторға тиесілі. Мемлекеттік борыш көлемі 16 млрд долларды, банктердің міндеттемелері 18,3 млрд долларды құрайды. Ал фирмааралық берешек 89,9 млрд долларға жеткен.

Қазақстанның басты кредиторлары қатарында Нидерланд, Ұлыбритания, Ресей, Қытай, Франция және АҚШ бар.

АҚШ валютасымен алған қарыз 2016 жылы 131,1 млрд доллар болса, 2026 жылы 119,3 млрд долларға дейін азайған. Еуроқарыз керісінше 2,5 млрд доллардан 5,6 млрд долларға дейін ұлғайған. Ресей рублімен алған берешек 460 млн доллардан 6,6 млрд долларға дейін көбейіп, шамамен 14 есе өскен. Қытай юанімен тартылған қарыз 55 млн доллардан 6,3 млрд долларға дейін өсіп, 115 есе ұлғайған. Ал теңгемен төлейтін міндеттемелер 4,4 млрд доллардан 12,5 млрд долларға дейін көбейген.