12 жастағы бала жетім қалды: Көкшетауда көлік қағып кеткен әйелдің туыстары оқиғаның мән-жайын айтты

12 жастағы бала жетім қалды: Көкшетауда көлік қағып кеткен әйелдің туыстары оқиғаның мән-жайын айтты
видеодан кадр

Көкшетауда тұрғын үй аумағындағы автотұраққа кіріп келе жатқан көлік әйелді қағып кетіп, оқиға салдарынан ол көз жұмды. Қайғылы жағдайдың видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Марқұмның туыстарының айтуынша, отбасы сол күні қыз ұзату тойына байланысты Көкшетау қаласына жиналған. Әулет үлкен қуаныштың қамымен жүрген.

Қаза тапқан әйелдің артында 12 жастағы баласы қалған.

Бейнебақылау камерасына түскен кадрларда автотұраққа кіріп келе жатқан көліктің жолда кетіп бара жатқан әйелді қағып, үстінен басып өткені көрінеді. Оқиғадан кейін көліктен шыққан адамдар абдырап, куәгерлер жедел жәрдем шақырған.

Ақмола облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

– Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді ведомство.

Оқиғадан кейін аула тұрғындары қауіпсіздік мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, үш тұрғын үйге апаратын бір ғана кіреберіс жол бар, ал аулада балалар жиі ойнайды.

Тұрғындар бірнеше рет жасанды жол кедергілерін орнатуды және екінші кіреберіс ашуды сұрағандарын, алайда өтініштері ескерусіз қалғанын айтады.

– Біз қауіпті жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Барлық көлік бір ғана жолмен өтеді. Аула жанында ойын алаңы бар. Бұған дейін де жол апаттары болған, бірақ адам өлімі тіркелмеген еді. Енді бір бала анасынан айырылып отыр, – дейді тұрғындар.