Қауіпті хантавирус әлемді алаңдатты: круиз лайнерінде бірнеше адам көз жұмды

Қауіпті хантавирус әлемді алаңдатты: круиз лайнерінде бірнеше адам көз жұмды
pixabay.com

Нидерландтың MV Hondius круиз лайнерінде тіркелген қауіпті хантавирус індеті әлем жұртшылығын алаңдатып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сәуір айының басында Аргентинадан Атлант мұхиты арқылы сапарға шыққан лайнер бортында 149 адам болған. Алайда бірнеше күннен кейін жолаушылар арасында белгісіз респираторлық ауру тарай бастады. Кейіннен оның Анд хантавирусы екені анықталған.

Қазіргі мәлімет бойынша, кемінде сегіз адам вирус жұқтырған. Үш жолаушы – Нидерландтан келген ерлі-зайыпты мен Германия азаматы көз жұмды. Тағы бірнеше адам ауруханаға жеткізіліп, бақылауға алынған.

Вирус анықталғаннан кейін лайнер Канар аралдарына бағыт алып, Испания билігі жолаушыларды эвакуациялау операциясын бастады. Қазір жолаушылардың бір бөлігі Канада, Ұлыбритания, Германия, Сингапур, Швейцария және басқа елдерге қайтарылған.

Тедрос Адханом Гебрейесус жағдай бақылауда екенін айтып, әлем бойынша індеттің таралу қаупі әзірге төмен деңгейде бағаланатынын мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, хантавирус көбіне кеміргіштер арқылы жұғады. Адам вирус жұқтырған жануарлардың сілекейі, зәрі немесе нәжісі бар шаңды жұту арқылы ауыруы мүмкін. Ал MV Hondius лайнерінде анықталған Анд вирусы – адамнан адамға жұғуы ықтимал сирек штамдардың бірі.

Дәрігерлер хантавирус белгілеріне ерекше назар аударуға шақырады. Ауру бастапқыда тұмауға ұқсас симптомдармен басталады:

  • дене қызуының көтерілуі;
  • бас ауруы;
  • бұлшықет ауыруы;
  • әлсіздік;
  • жүрек айну мен құсу;
  • жөтел және ентігу.

Ауру асқынған жағдайда өкпе ісініп, тыныс алу қиындауы мүмкін.