Ұлтаралық тұрақтылық: Қазақстан қауіпті кезеңнен қалай өтіп жатыр?

Азамат Қойшығара 10 сәу. 2025 11:53 155

Қазақстанда соңғы бір-екі жылда ұлтаралық қатынастарға қатысты қоғамдық пікір алаңы біршама бәсеңсігендей. Әлеуметтік желілерде бұрын жиі көтерілетін тіл мәселесі, этносаралық шиеленістер сынды тақырыптар қазіргі таңда көп қозғалмайды. Қоғам тынышталғандай әсер қалдырады. Бұл – нағыз тұрақтылық па, әлде уақытша үзіліс пе?

Саясаттанушы Замира Қаражанованың пайымдауынша, еліміздегі этносаралық тұрақтылық – кездейсоқ жетістік емес. Соңғы жылдары Қазақстанда ұлтаралық қатынастарға қатысты ауқымды қақтығыстар тіркелмеген. Бұл, бір жағынан, мемлекет жүргізіп отырған байсалды саясаттың, екінші жағынан – қоғамда қалыптасқан келісім мәдениетінің нақты да айшықты нәтижесі.

Маманның айтуынша, еліміз 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы, сонымен қатар Ресейдегі мобилизациядан кейін келген азаматтардың легі сияқты сын-қатерлерді бастан өткерді. Бірақ бұл оқиғалар қоғамда ұлтаралық кикілжіңнің күшеюіне алып келмеді. Бұл – тұрақтылықтың маңызды белгісі.

Алайда Қаражанова ұлтаралық қатынастарда мәселе мүлдем жоқ деп айтуға болмайтынын алға тартады. Қандай да бір елде болсын этносаралық қарама-қайшылықтар болуы заңды құбылыс. Қазақстанда бұл қайшылықтар көбіне ауылдық жерлерде байқалады. Әсіресе, этностар тығыз қоныстанған, көп жылдар бойы миграция әсеріне ұшырамаған аймақтарда өзара ықпалдастық деңгейі төмен болып жатады.

Мұндай жерлерде тұрғындар арасында өзара сенімсіздік, жатсыну, тіпті этностық негіздегі стереотиптер де қалыптасуы мүмкін. Замира Қаражанованың айтуынша, тұрмыстық деңгейдегі кикілжіңдердің өзі этносаралық сипат алып кетсе, оның соңы қауіпті әлеуметтік жарылысқа ұласуы ықтимал. Сондықтан қоғамда «пульсті ұстап отыру» маңызды.

«Ал қалалық жерлерде ұлтаралық қатынас сипаты өзгеше. Мұнда миграциялық ағын жоғары болғандықтан, этностар бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүреді. Бірақ бұл да кей жағдайда шиеленіске себеп болуы мүмкін. Мысалы, «тіл патрульдері» деп аталған резонансты оқиғалар – урбанизацияланған қоғамда да белгілі бір деңгейде ұлтшылдық пен радикалдық көзқарастардың бар екенін көрсетті», - деп түсіндірді саясаттанушы.

Сарапшының пікірінше, мұндай шетін әрекеттер негізінен маргиналды тұлғалардың бастамасымен жүзеге асады. Бірақ қоғам тарапынан оларға деген қарсылықтың болуы – азаматтық сана-сезімнің жоғарылағанын білдіреді. Көпшілік ондай әрекеттерді сынға алып, мұндай радикализмге жол беруге болмайтынын анық көрсетті.

Тіл мәселесі – этносаралық қатынастардағы ең өзекті тақырыптардың бірі. З.Қаражанова бұл ретте ресми құжаттарда да бірқатар олқылықтардың мойындалғанын атап өтеді.

«2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік тіл саясаты бағдарламасында түркітілді және орыстілді азаматтар арасындағы қазақ тілін меңгеру деңгейінің алшақтығы ашық жазылған. Сонымен қатар, өңірлер арасындағы айырмашылық та орасан: оңтүстікте қазақ тілін меңгеру 70 пайыздан асса, солтүстікте бұл көрсеткіш 10 пайыздың төңірегінде ғана. Мұндай теңсіздік мемлекеттік тілді ортақ қарым-қатынас құралы ретінде қолдануға кедергі келтіреді. Оның үстіне, мемлекеттік мекемелерде де қазақ тілі әлі толыққанды қызмет атқармай отыр. Көптеген ресми құжаттар алдымен орыс тілінде дайындалып, кейін қазақшаға аударылады», - дейді ол.

Қаражанова бұл жағдайды мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне сай қолданылмай отырғанының нақты көрінісі ретінде бағалайды. Сонымен қатар, заңнамаларда азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс екені көрсетілгенімен, бұл талапты дұрыс түсіндіру қажет. Оның айтуынша, бұл міндет – мемлекет тарапынан қажетті жағдай жасау арқылы жүзеге асуы керек. Қоғамда қазақ тілін үйренуге деген түсіністік бар, бірақ нақты нәтижелерге жету үшін жүйелі жұмыс атқарылғаны абзал.

Замира Қаражанова ұлтаралық тұрақтылықты сақтауда қоғамның рөлімен қатар, биліктің де ұстанымын назардан тыс қалдырмайды. Оның айтуынша, қазіргі билік өткен кезеңдерден бері қалыптасқан этносаралық келісімді мұра етіп алған. Бірақ кейбір салаларда өзгерістер де болды. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде Ассамблея жұмысына жаңа бағыттар енгізді. Оның ішінде этносаралық медиацияны дамыту мен жанжалдардың алдын алу да бар.

2022 жылы үкімет жанынан Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Бұл орган тек әліпбиді латынға көшірумен ғана емес, сонымен қатар қазақ тілін жүйелі дамыту, қолдану аясын кеңейту және тіл саясатын үйлестіру мәселелерімен де айналысады.

Қаражанованың пікірінше, Қазақстан ұлтаралық қатынастар саласындағы бұрынғы үлгісін сақтай отырып, оның тиімділігін арттыру бағытына ден қойған. Бұл – дұрыс қадам. Себебі түбегейлі өзгерістерге барудың қажеттілігі жоқ. Демографиялық ахуал, миграциялық бағыттар, ұлттық сана мен менталитет сияқты негізгі факторлар өзгеріссіз қалып отыр.

Ең бастысы – сенім атмосферасын сақтау. Этносаралық қатынас қоғамды біріктіретін күшке айналуы керек. Қазақстандықтардың бәрін бір тағдырға тоғыстырған тарихи қауымдастық – осы елдің ең үлкен жетістігі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар