1-Бөлім: Есірткі мен жезөкшелердің лотерея билеттерінің қалтарысында қалай жасырғаны хақында
Лотерея клубтары түріндегі рулеткалы казино етек жайып, өз құшағына есірткі, жезөкшелік және қару-жарақ саудасын сыйдырды. Иелері болса, Қазақстан бюджетіне түсуден қағыс қалып, офшорларға жылыстатылған жүздеген миллиардтарды қалталарына басты. Түптеп келгенде бұның бәрі - «нарықты сауықтыру» деген сылтаумен іске асырылатын үлкен схеманың бір бөлігі болып табылады. Көп жыл бұрын бұл лотереялардан бастау алып, дәл қазір бірнеше салаларға тарамдалып кетті.
Қазақстанда офшорлық тамыры бар шымылдықты монополиялардың қалай өмірге келгені, неге олардан бюджетке жүздеген миллиард теңге түспейтіні және лотерея клубтарын бет перде етіп салық төлемейтін бүкіл ел бойынша кімнің казино ашатыны туралы Orda.kz өз материалын жариялады.
Редакцияның құзырында «Қазақстанның букмекерлер қауымдастығы» ЗТБ-ның Антикорға жолдаған өтініші болды. Онда бизнесмендер кейбіреулердің экономиканы және қоғамдық адамгершілікті сақтап қалу туралы әңгімелерді бет перде етіп, елдегі белгілі салаларды монополияландыруға қалай тырысатыны туралы сөз етеді.
Бұл схеманың артында реттеуші тұрған жоқ: ол Спорт министрлігінің, парламенттің қазіргі құрамына дейін, тіпті қазіргі президентке дейін орын алған жағдай болып табылады. Бірақ мемлекеттік органдар тағы да олардың құрған торына түсті. Аталған схеманың авторлары шенеуніктердің құзыреттілігінің шегін өте жақсы біліп, соған орай дегендерін іске асыра алады.
Ізгі ниетпен тозаққа даңғыл жол төселді дегендейін, біздің жағдайда тозақ - экономикалық даму, ал ізгі ниет - аярлық. Orda.kz редакциясы букмекерлер қауымдастығының өтінішінде көрсетілген бірқатар фактілерді тексерді және осы тексеру барсында олардың ақиқат екенін расталды.
ҚАРУ, ЕСІРТКІ, ЛОТЕРЕЯ БИЛЕТТЕРІ
15 қаңтарда ІІМ криминал мен лудоманияға қарсы күрестегі кезекті жеңісін салтанатпен жариялады. Полиция қызметкерлері ҰҚК қызметкерлерімен бірге және Бас прокуратураның қолдауымен «лотерея клубтары ретінде әрекет еткен заңсыз онлайн-казинолардың ірі желісін» жойды.
«Заңсыз ойын қызметінен басқа, күзетшілер мен әкімшілер VIP-клиенттер үшін интимді қызметтер ұйымдастырып, жеңгетайлық және есірткі пайдалану фактілері тіркелді. Арнайы операция барысында полицияға 400-ден астам адам жеткізілді. Қылмыстық схеманың негізгі 8 ұйымдастырушысы, соның ішінде таяу және алыс шетел азаматтары ұсталды», - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
Сондай-ақ, полицейлер лото-клубтарда ұтыс нәтижесі алдын ала белгілі болғанын анықтады. Әкімшілер оларды қолмен реттеп, қажет болған сәтте клиенттердің ұтылыстарын «жөнге келтіре» алады.
Жұртты таң қалдырғаны: 570 лото-клубтардағы тінтулер кезінде бүкіл ел бойынша заңсыз қызметі үшін 326 мекеме жабылып,, тергеудегі айыпталушылардан 247 млн теңге, 55 млн рубль және 125 мың доллардың алыны болды. Және алты миллиард теңге - схеманың барлық қатысушыларының пайдасы болып саналып: бұл ақшаның көп бөлігі шетелге шығарылды.
Қаңтар айында хабарлағанымыздай, іс бойынша Loto Club компаниясының иелері де қарауылға алынды. Олардың Қазақстан өңірлеріндегі клубтары жабылып,құлыпталып мөрленді. Бірақ одан әрі бұл істе күтпеген өзгеріс орын алды.
Қыркүйекте ІІМ тексеру қорытындысы туралы есеп берді. Министрлік жарты жылдан астам уақытқа созылған жұмыс нәтижелерін қорытындылады және... компанияның жұмысынан заңсыз ештеңе таппағандығын айтты. Қылмыс құрамының жоқтығынан қылмыстық іс ың-шыңсыз жабылып тынды.
Сол ІІМ қызметкерлеріне лото-клубтан тауып алған қару-жарақ, есірткі және жезөкшелердің қайда кеткені туралы сауал қойылады? Әлде жүздеген тінтулер полицейлерге құр елес болып көрінді ме? Немесе бүкіл ел бойынша үш мың қауіпсіздік күштері құр бекер күштерін сарп етіп жұмыс істеді ме?
НЕ ҮШІН КҮРЕСТІҢІЗ...
2016 жылы Мәдениет және спорт министрлігі (қазір Туризм және спорт министрлігі) лотерея нарығында тәртіп орнатқысы келетінін хабарлады. Ол үшін елдегі лотерея ойындарының барлық мәселелерімен айналысуы үшін бірыңғай оператор құру туралы шешім қабылданды. Бір сөзбен айтқанда, бұл қадамға «нарықты сұр схемалардан, салық төлемеуден және жасырын құмар ойындардан құтқару сияқты келеңсіздіктер» желеу болды.
Іс жүзінде Спорт министрлігі алаңдататын зор шаруа болды.
Бірыңғай оператордың басты жақтаушысы ол кезде «Қазақтелекомның» басқарма төрағасы және Қазақстанның цифрлық «сұр кардиналы» Қуанышбек Есекеев болды. Лотерея нарығында бірыңғай оператор құрылған кезде оның үстінен Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры Қайрат Сатыбалды қарайды деген сыбыс тарады. Бұл сыбыс шырмауықтай шырмалған схеманы министрлік тарапынан да, парламенттің екі палатасы тарапынан да артық қарсылықсыз шешуге көмектесті. Қажетті есімдерді есінде ұстаған шенеуніктер жай ғана сауал қоюды тоқтатып, өздерінің дегендерін жасады.
Қайрат Сатыбалдының қызметін көптеген құқық қорғау органдары тексерген, бірақ тергеу барысында лотереялар туралы бірде-бір рет сөз қозғалған жоқ. Мүмкін, оның аты керек дүниеге қол жеткізу үшін пайдаланылға шығар!? Бірақ схема іске асты. Оның авторлары мұны естерінен шығарған жоқ. Нәтижесінде 2016 жылы лотерея нарығында бұрынға көбедей-көп 85 компанияның орнына бірыңғай реттеуші «Сәтті Жұлдыз» АҚ пайда болды. Бұл ретте осы фирмалардың әрқайсысының лицензиясы болды және ашық та, адал жұмыс істеді - операторды құрудың ұсынушылардың басты дәлелі нарықтың көлеңкеде тұрғаны және аз салық төлейтіні болды. Лицензияланбаған операторларға реттеу әсер еткен жоқ, яғни сұр нарық шын мәнінде ешқайда жоғалған жоқ. Торттағы шиеге айналған «Сәтті Жұлдыз» мемлекеттік компания болмаса да, ешбір конкурссыз-ақ табысты «жем астауға» қол жеткізді,
ЖОҒАЛҒАН МИЛЛИАРДТАР
Түптеп тексеру кезінде монополия болып шыққан лотерея саласын «реттеу» салдарынан Қазақстан қанша ақша жоғалтты?
Шетелде лотерея нарықтары жұмыс істейтін екі схема бар. Біріншісі - бәсекелестік. Нақтылап айтар болсақ, бірыңғай реттегіштер жоқ, көптеген компаниялар ойыншылардың назары үшін бәсекелесіп, бюджетке тікелей салық төлейді. Екіншісі - орталықтандырыу. Яғни, олардан төлемдер жинап, барлық пайданы мемлекеттік жобаларды қаржыландыруға шығаратын мемлекеттік оператор бар. Екі жағдайда да мемлекет ұтады.
Халықаралық тәжірибе бюджет үшін мемлекеттік операторға қарағанда бәсекелестік нарық тиімдірек екенін көрсетеді. Бірақ Қазақстан құдай ұрғанда ең шығынды мемлекеттік оператордың кірісі офшорға кететін үшінші схеманы ойлап тапты.
Барлық табысты қазынаға берудің орнына оператор өз иелерін шылқа майға кеңірдегінен кенелтті. Мемлекеттік реттеу мен бірыңғай оператор болмаса, онда бұл сала ел қазынасына біршама көп ақша түсірер еді.
Міне, соқырға таяқ ұстатқандай нақты сандар. 2016 жылдан бастап «Сәтті Жұлдыз» АҚ бюджетке 16 млрд 838 млн 216 мың 387,87 теңге салық төледі. Ең көбі - 2023 жылы (бес миллиард 434 миллион 828,9 мың теңге). Ал нарық монополияланғанға дейін жұмыс істеген 85 лотерея операторы қанша салық төлей алар еді?
2023 жылғы әлеуметтік сауалнама деректері бойынша, респонденттердің 3,8% -ы лотереяны үнемі ойнайды және лото-клубтарға барады, ал 3,9% -ы букмекерлерде бәс тігеді. Сондықтан бұл нарықтарды айналым бойынша да, қазынаға аударымдар бойынша да салыстыруға болады.
«Реттеушінің қолымен монополияланбаған букмекерлік сала 2023 жылға 80 млрд теңгеге жуық салық және 2023 жылға 20 млрд теңгеге жуық демеушілік келісімшарттар мен қайырымдылық түрінде мемлекеттік бюджетке төледі. Сонымен қатар, Букмекерлер қауымдастығындағылар лотереяның бірыңғай операторы «Сәтті Жұлдыз» АҚ 2023 жылы 5,5 млрд теңге салық төледі», - деп атап өтті .
Айырмашылық - шамамен 15 есе! Егер бұданда ұзағырақ кезеңді алар болсақ, жұрт аузщынан жырылған нәпақадан қағылу ішіңді күйдіреді. Әзірге нарықтық бәсекелестік аясында жұмыс істеп жатқан букмекерлер 2020-2023 жылдар аралығында бюджетке шамамен 254 млрд теңге салық төледі. «Сәтті Жұлдыз» АҚ осы уақытта қазынаға сегіз миллиардқа жуық қаржы әкелді. Бюджет үшін айырмашылық - небәрі үш жылда 200 млрд теңгеден астам. Саланы монополияландыру бағасы осындай.
Букмекерлер нарықта қалу үшін қажетті демеушілік келісімшарттар үшін бәсекелесуге мәжбүр. Ал бірыңғай оператордың қатаң қадағалауындағы лотереялар мемлекетке пайда әкелмейтін мәшиеннің бесінші доңғалағы болып қалды. Бұл оператордың ең алдымен өзінің бас пайдасы мен қалтасын ғана ойлайтындықтан емес пе?
Лотерея ретінде заңсыз ойын бизнесі жиі ел назарынан тыс жасырылатындықтан емес пе?
РУЛЕТКАҒА БИЛЕТ
Бүкіл ел бойынша лото-клубтарда «заңды түрде» рулетка ойнауға болады. Құмар ойындар лотерея түрінде өткізіледі: сіз билетті сатып алып, «бақытты нөмірлерге» бәс тігесіз, ал онда бақытты немесе сәтсіз болады. Бұл ретте ойын аймақтарында жұмыс істейтін заңды казино бюджетке аударымдар төлеуге және әлеуметтік және туристік инфрақұрылымды қаржыландыруға міндетті. Лотерея клубтары мұны жасамауға тиіс емес.
«200 млрд теңгеден кем емес сомаға бағаланатын мемлекеттің қолдан шығарып алған кірістерінен басқа, туристік саланы дамытудан алынбай қалған кірістер де бар. Лото-клубтарда лотереяға берілетін рулетка бастапқыда казино өнімі болып табылады да, оларға арнайы бөлінген ойын аймақтарында қонақ үйлер мен туристік инфрақұрылым құруды талап етеді. Бірақ Қазақстанның барлық қалаларындағы ондаған лото-клубтардан табылса, неге арнайы ойын аймағына рулетка ойнағысы келеді?», - деп атап көрсетеді Букмекерлер қауымдастығында.
Лото-клубтарда лотерея түрінде құмар ойындар өткізілетіні туралы бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Себебі олар казино баламасына айналғандықтан 2022 жылы Қызылорда облысының тұрғындары мұндай мекемелерді жабуды талап етті. Ол кезде депутат Бақытбек Смағұл 2023 жылы «Сәтті Жұлдызды» жою және лотерея қызметін шектеу туралы заң қабылданады деп уәде берген болатын, бірақ олай бола қойған жоқ. 2024 жылдың ақпанында «Сәтті Жұлдыз» дүңгіршектерінің жұмысы заңсыз электрондық лотереялармен күресу сылтауымен тоқтатылды. Бірақ компанияға заңсыз құмар ойындар ұйымдастырды деген айып тағылған жоқ. Мемлекет монополистің оффшорға ақша шығара отырып, табысын артыруын жалғастыра түсуіне жалпақшешейлікпен қарау керек деп шешті.
Лот-клубтардағы есірткі, жезөкшелік және қару-жарақ туралы полиция мен ҰҚК-нің тергеуі де «Сәтті Жұлдыз» құрылымдары үшін ештеңемен аяқталды. Бірақ қылмыстық істі қозғау мен жабудың арасында бір маңызды оқиға болды.
Лотереяның бірыңғай операторының құрылтайшылары ауыстырылды. АҚ-ның тең иесі болып саналатын TLC System Ltd компаниясында бұрын лотерея бизнесімен ешқашан байланысты болмаған Николай Неплюевтің «NLT Technologies» ЖШС пайда болды. Бірақ тергеу кезінде мұндай өзгерістер жасауға болмайды, өйткені бұндай әрекетке заңмен тыйым салынған. Бұл құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалу әрекеті болған сияқты.
Тап осы бір жайт бізді «Сәтті Жұлдыздың» артында кім тұр деген әңгімеге алып келеді.
ОЙЫНДА КІМ БАР?
Оператормен байланысты мердігерлер ақшаны «Сәтті Жұлдыздың» қалтасына сақтауға көмектеседі. Мәселен, компания лотерея терминалдары мен оларға қызмет көрсету үшін онымен тікелей үлестес «Логиком» АҚ төлейді. «Сәтті Жұлдыздан» айырмашылығы «Логик» мемлекетпен байланысты емес, сондықтан кірістің бір бөлігін бюджетке аударуға міндетті емес.
«Сәтті Жұлдыздың» құрылтайшыларының бірі - Сергей Швалов, ол бір мезгілде «Логикомның» директорлар кеңесінде тұрады және ресми түрде компания басшысы болып есептеледі. Ал «Логикомның» жалғыз құрылтайшысы - Нидерландыда тіркелген KS8 Holding B.V. шетелдік компаниясы. Яғни, бірыңғай ұлттық оператор кірісінің едәуір бөлігі офшорға кетеді.
«Сәтті Жұлдыздың» екінші құрылтайшысы - 2022 жылдың мамырында құрылған TLC System Ltd жекеменшік компаниясы болып табылады. Сол сәттен бастап ұйым бюджетке адамның артын күлдіретін 324 мың теңге салық төлейді. Оның жетекшісі, 33 жастағы Дәурен Құсайынов «Сәтті Жұлдыз» және «Логикома» директорлар кеңесінің мүшесі. Ал TLC System Ltd компаниясының иесі, өз кезегінде, Астанада тіркелген «NLT Technologies» ЖШС (2022 жылдан бастап - 469,6 мың теңге). Бұл ұйымның жалғыз құрылтайшысы және директоры - Николай Неплюев. Қуанышбек Есекеевтен басқа «Қазақтелекомнан» бірыңғай лотерея операторымен байланысты құрылымдарға созылатын тағы бір желі бар. Нақтырақ айтсақ, жіптің бір ұштығы «Логикомның» топ-менеджері Сергей Шваловқа бастап апарады. Біз 2023 жылдың сәуірінде «Қазақтелеком» өз үлесін (49%) «QazCloud» ЖШС «Данекер Сала» ЖШС бірлескен кәсіпорнында сатты деп айтқан болатынбыз. Ал бұл ЖШС өз кезегінде «Логикомға» тиесілі еді.
Сондықтан, Швалов мен Есекеев бір-бірін біз ойлағаннан да жақынырақ таниды. «Қазақтелекомның» бұрынғы басшысы мен «Логикомның» басшысы бұл мәмілені жеке өзі талқылауы мүмкін еді. Демек, кезекті салаларды реттеу (монополияландыру) бойынша бірлескен іс-қимылдар туралы келісуге мүмкіндік ала алған.
БІРІГІП ДӘУРЕН ҚҰРУ
Шымылдық монополиялар құрылатын схема әрқашан егіз қозыдай болып келеді. Алдымен жария алаңға қандай да бір нарықтағы заңсыздық туралы алаңдатарлық ақпаратты «ортқа май құйып» жұрт назарына ұсынады. Дәлелдер классикалық үлгіде: кәсіпкерлер жаппай заң бұзушылыққа жол береді, салық төлемейді, тіпті ұлттық мүдделерге тікелей қауіп төндіреді т.с.с.. Бұл орайда «Лотереялар мен ойын бизнесі» жағдайында этикалық аспект та қосылады: бұл саланы мемлекеттік реттеусіз қалдыруға болмайды, әйтпесе қазақстандықтар толығымен лудомандарға айналатын болады!
Осы сылтауды ту етіп көтеріп, саланы мемлекеттік мүдделерге қамқорлық жасауға тиіс операторға «лайықтады». Бұл нарықтар оларды қадағалайтын ведомстволар тарапынан реттелетін еді. Бірақ ендігі жерде осы оператор арқылы өтетін ақша онымен байланысты жеке компаниялар мен шетелдік юрисдикцияларға орналастырылады. Нәтижесінде мемлекет едәуір аз ақша алады, ал монополистің қалтасы қампиған үстіне қампия түседі.
Лотереялық «ірі ойын» - осының бір ғана мысалы десек те болады. Бірнеше жылдан кейін сол сценарий бойынша тауарларды таңбалау бойынша бірыңғай оператор құрдық - ол кезде де нарық тым аз салық төлейді және «көлеңкеде тұр» деген дәлелдер айтылды. Таңбалау қажеттілігі контрабанда мен контрафактіге қарсы күреспен де ақталды.
Таңбалауды енгізді, тауарлар қымбаттады, бизнес қосымша шығындарға ұшырады - ал бұған тек тұрақты пайда табатын бір ғана оператор (және таңбалау жүйесін ресейлік әзірлеушілер) риза болды. Контрабанда мен контрафактіге келетін болсақ, олардың саны елімізде азайған жоқ - бұл туралы біздің тергеуімізде оқуларыңызға болады.
Дәл солай фискалдық деректердің бірыңғай операторы туралы да (оны «бизнесті көлеңкеден шығару» деген сылтаумен енгізген) және 2021 жылы Мөлшерлемелерді басқару орталығын құру жөніндегі саналы бастама туралы да айтуға болады. Сол кезде мәдениет және спорт вице-министрі Мұсайбеков сотта кінәсін мойындады. Әм НКО енгізудің жемқорлық құрамдас бөлігіне байланысты тоқтатылды. Содан бері үкімет пен депутаттық корпустың құрамы өзгерді: көпшілігі аты айғайлаған есімдерді бет перде етіп жамылып, жекеменшік монополистікті құру схемасын ұмытып кетті.
Бұған қосымша дәлел - «Бірыңғай есепке алу жүйесі» (БАЖ). Монополияландыру схемасы жаңа депутаттар мен үкімет мүшелерінің оны таппағандығын пайдаланып, 2016-2020 жылдардағы үлгі бойынша тағы да ойындары осылып қулыққа көшті. Білетін жұрт төлемдер, эквайринг және электрондық ақша нарығына қатысушылардың қолға алған айла-шарғыларының түпкі мақсаты - бөлшек сатып алулардың бүкіл қаржы нарығын бір «қожайынға» айналдыру деп бетімізге тікелей айтады.
Егер төлем нарығы монополистің бақылауына өтсе, Қазақстанның қаржы жүйесі зардап шегіп, елдің инвестициялық тартымдылығы мен бизнестің ашықтығы рейтингі төмендейді. Демек, елімізге инвестиция жетпей қалады. Мыңдаған қазақстандықтар жұмысынан айрылады - бірақ пайда түсіретін схемалардың авторлары бұған бүйректері бүлк етіп, еш алаңдаушылық білдірмейді.
Қазақстанда мемлекеттік монстр-монополистер жеткілікті. Бұл ҚТЖ-ның қаржылық-инфрақұрылымдық проблемалары, «Қазақтелеком», KEGOC және «Сәтті Жұлдыз» - тізімді созбақтап жалғастыра беруге әбден болады. Және АЗРК қызу іс-әрекетті қалай бейнелесе де, қос өкпеден қысқан қатал шындық осындай монстрлардың көбеюінен туындайды. Әлі күнге дейін пайдасыз монополистен табысты құтылудың жалғыз мысалы - бұл Әлия Назарбаеваның «ӨКМ операторы» болып табылады.
Бірақ, «Ескі Қазақстан» мемлекеттік ақшаны жеке қалтаға және шетелге шығару үшін монополия құрудың жаңа тәсілдерін тапты. «Вирустық монополиялау» схемасының авторлары барлық онлайн-төлемдерді қолына алып, бір саланы бірінен кейін бірі тартып алуға тырысқан жоқ.
Қазір лотерея нарығын монополияландырудың артында тұрған Қуанышбек Есекеев – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі. Және бұл пақыр мемлекет басшысымен жеке қалған шағында қандай керемет идеялармен бөлісіп, оларды «экономиканы сауықтыру» қажеттілігімен ақтайтыны белгісіз.
Бұл тергеудің екінші бөлімінде біз монополизм адепттерінің қалайша үстеме нарығын қолына алуға тырысатынын айтатын боламыз.