Қостанайлық жас теннисшілер республикалық турнирде топ жарды

Dalanews 28 қар. 2025 17:39

Алматыда жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі республикалық үстел теннисі турнирі – «Алтын күз – 2025» аяқталды. Бұл жарысқа еліміздің барлық өңірінен және Өзбекстаннан келген жас спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтады. Алты күнге созылған сайыс барысында қатысушылар үш жас санатында – 2010–2012, 2013–2014 және 2015 және одан кіші топтарында жүлделерді сарапқа салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қостанай облысының намысын Костанай, Рудный және Арқалық қалаларынан келген 13 жас спортшы қорғады. Тартысты өткен кездесулер нәтижесінде облыс спортшылары екі бірдей чемпиондық атақты жеңіп алды. Жасөспірімдер арасында Жания Бекмұхамбетова мен Дәкир Данияров өз санаттарында үздік шығып, Қостанай ДЮСШ №2 тәрбиеленушілерінің мерейін үстем етті.

«Екі чемпион – өте жоғары нәтиже. Қарсыластар мықты болды, әсіресе Өзбекстан құрамасы ерекше дайындықпен келген. Олар соңғы жылдары үстел теннисін өте қарқынды дамытып жатыр, халықаралық турнирлердің жүлдегерлері көп», – деп бағалады ойын деңгейін Қостанай облысының құрамасының аға жаттықтырушысы Гаип Данияров.

Биыл өзбекстандық спортшылар шынымен де жоғары шеберлік көрсетті – олар алты финалдың бесеуіне шығып, қазақстандық жас теннисшілердің негізгі бәсекелесіне айналды.

Жаттықтырушының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда да үстел теннисіне қызығушылық артып келеді. Инфрақұрылымның дамуы, спорт секцияларының қолжетімділігі және балалармен жүйелі әдістемелік жұмыс өз нәтижесін беруде. Бұл серпіліс спорт мектептерінің тұрақты еңбегімен, бапкерлердің жанашырлығымен және мемлекет пен бизнес тарапынан балалар спортына көрсетіліп жатқан қолдаумен тығыз байланысты. Осындай ортақ күш-жігер нәтижесінде жаңа секциялар ашылып, балалардың жарыстарға қатысу мүмкіндігі артып, үлкен спортқа жол ашылуда.

Қостанайлық жас спортшылардың жетістігінде серіктестердің рөлі ерекше. Көп жылдан бері аймақтың юниорлық командасын дамытуға Allur қазақстандық автомобиль компаниясы қолдау көрсетіп келеді: инвентарь, спорттық киім-кешек ұсынып, жарыстарға қатысуына мүмкіндік туғызуда. Қостанай облыстық үстел теннисі федерациясы да дайындық процесіне, жарыс сапарларын ұйымдастыруға және жасөспірімдер бағытының дамуына белсенді атсалысып отыр.

Гаип Данияровтың айтуынша, үстел теннисіндегі жоғары нәтиже тек техникамен немесе физикалық дайындықпен шектелмейді. Эмоциялық төзімділік, шешім қабылдау жылдамдығы және нағыз спорттық мінез-құлық сынды қасиеттер де жылдар бойы қалыптасады.

«Біз күн сайын, аптасына жеті рет жаттығамыз. Балалардың қосымша дене дайындығы сабақтары да бар. Көп еңбектенген спортшы жарыста ең жақсы нәтижені көрсетеді», – дейді бапкер.

«Алтын күз» турнирі – еліміздегі жасөспірімдер арасындағы үстел теннисінің басты додаларының бірі. Ол командалардың дайындығын бағалап, рейтингтерді жаңартып, ең перспективалы жас спортшыларды анықтауға мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар