Тоқаевтың әкімдермен кездесуі: саясаттанушы алда қандай саяси өзгерістер болуы мүмкін екенін айтты

Қаракөз Амантай 28 қар. 2025 18:52

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдермен өткізген кеңейтілген жиыны жергілікті басқару жүйесіне қатысты маңызды сұрақтарды күн тәртібіне шығарды. Осы кездесудің мән-маңызын түсіну үшін Dalanews.kz агенттігі саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірін сұрап білді.

Сарапшының айтуынша, бұл жиынның басты мақсаты "ауыл әкімдерін тікелей сайлау реформасының" нәтижелерін талдау.

Сөзінше, ауыл әкімдерін сайлау енгізілгелі біраз уақыт өтті. Сол себепті Президент реформаның қалай жүзеге асып жатқанын, қандай нәтижелер бергенін өз көзімен бағалауды жөн көрген.

“Президент әкімдердің сапасы қандай, халық сенімі қалай өзгерді – осының бәрін бағалау үшін жиналды. Өйткені бұл – маңызды реформа. Оның тиімді жұмыс істеп жатқанын нақты талқылап көру керек”, – дейді саясаттанушы.

Талғат Қалиевтің пікірінше, ауыл әкімдерін тікелей сайлау қоғам үшін тиімді формат.

“Ауыл тұрғындары өз әкімдерін жақсы біледі. Сол себепті олар жауапкершілікпен дауыс береді. Әкімдер де күн сайын халықтың алдында. Кез келген сұраққа сол жерде жауап беруге міндетті. Сондықтан жергілікті деңгейдегі жұмыс айтарлықтай жанданды”, – деп атап өтті сарапшы.

Сарапшының айтуынша, әкім мен сайлаушы арасындағы тікелей байланыс ауылдағы тұрмыс сапасының жақсаруына да оң әсер етіп отыр.

Сонымен қатар кейінгі уақытта аудан әкімдерін сайлау жүйесін қайта қарау туралы мәселе жиі талқыланып келеді. Талғат Қалиев бұл тақырып жиында да көтерілген болуы мүмкін екенін айтады.

“Аудан әкімінің халыққа берген уәдесі мен облыстық саясаттың арасында сәйкессіздік болуы ықтимал. Сайлауда тәжірибесіз адамдар өтіп кетсе, бүкіл аудан зардап шегеді. Аудан деңгейінде бюджеттік саясат күрделірек, сондықтан басқару сапасы аса маңызды”, - деп атап өтті ол.

Айтуынша, алдағы уақытта аудан әкімдерін сайлау тоқтатылуы да ықтимал.

“Бұл мәселені Президент қарауды тапсырған. Егер шешім қабылданса, болашақта тек ауыл әкімдері мен облыс әкімдері тағайындалуы мүмкін”, – дейді Талғат Қалиев.

Саясаттанушының пікірінше, Президенттің әкімдермен кездесуі – жергілікті басқару жүйесін жетілдіру мақсатындағы маңызды қадам. Ауыл әкімдерінің жұмысы оң бағаланса, аудан деңгейіндегі басқару моделі өзгеруі мүмкін.

Dalanews.kz алдағы саяси реформаларға қатысты ақпараттарды назарда ұстайды.

Тоқаев жиында не деді? 

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог платформасында сөз сөйлеген еді.

Мемлекет басшысы аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралауды тапсырды.

"Аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар "аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па" деген мәселені қайта қарауды ұсынып отыр. Бұл мәселені Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов бастаған депутаттар да көтерді. Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтып отыр. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр. Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн", - деді Президент.

Бұған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланған.

"Енді олардың қалай жұмыс істейтінін қарап көру қажет. Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат: біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек. Үкімет және Парламент депутаттары бірлесіп, осы мәселені жан-жақты қарап, әділетті, дұрыс шешім қабылдауы қажет. Ең бастысы, әрбір реформа салмақты көзқараспен, байыппен жасалуы керек", - деді Тоқаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар