Ресей президенті Владимир Путин Украинамен соғыс тек Украина әскері Донбастан кеткен жағдайда аяқталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ол 27 қарашада Бішкекте өткен баспасөз мәслихатында айтты.
"Украина әскері қазір бақылауында ұстап отырған аумақтардан шыққанда ғана әскери әрекеттер тоқтайды. Ал шықпаса,оны қарулы күшпен жүзеге асырамыз", – деді Путин.
Ресей басшысы Мәскеудің келіссөздерге дайын екенін, бірақ қазір мұны "заңды тұрғыда іске асыру мүмкін емес" екенін айтты. Ол Украина президенті Владимир Зеленскийге қатысты Киев билігі "сайлаудан қашып, стратегиялық қате жіберді" деп айыптады.
Reuters агенттігі мәліметінше, АҚШ бастапқыда Ресейдің ұсыныстарын ескеріп, 28 тармақтан тұратын жоспар дайындаған, алайда кейін Украинамен кеңесуден соң құжат қысқарған.
Киев Мәскеудің үш басты талабын қабылдамаған:
-
Украина Қарулы күштерінің санын шектеу;
-
НАТО-ға кіруден бас тарту;
-
Донбастан әскерді шығарып, оны Ресейге беру.
Украина президенті Владимир Зеленский бұл мәселелерді АҚШ президенті Дональд Трамппен талқылауға тырысқан, бірақ ол Киевтің ұсынысына жауап бермеген.
