Павлодар облысында жүкті әйелдердің ЭЦҚ-сын пайдаланып, пайда тапқандар тергеуге ілінді

Көркем Алдабергенова 28 қар. 2025 16:15

ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру схемасын ұйымдастырған тұлғалар тобына қатысты тергеу жүргізуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық бөлімінің басшысы кәсіби білімін пайдалана отырып, схеманы іске асыру үшін электрондық цифрлық қолтаңбаларына қолжетімділігі бар кәсіпкерлердің бірқатарына қызмет көрсететін бухгалтер  туысын тартқан.

Бухгалтер аталған ЭЦҚ-ларды иелерінің рұқсатынсыз пайдаланып, жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды, еңбек қатынастары заңды түрде рәсімделгендей көрінетін өзге де құжаттарды дайындаған.

Сонымен қатар бірнеше таныс адам тартылып, олардың міндетіне жүкті әйелдерді табу және ұсынылып отырған рәсімдеудің заңды екеніне сендіру кірген.

Ұсынылған жалған деректер негізінде уәкілетті органдарда жәрдемақылар тағайындалған. Алынған қаражат кейіннен схеманың қатысушылары арасында бөлінген.

Нәтижесінде 13 жеке кәсіпкердің атынан 50-ден астам жүкті әйелге 6 млн теңгеге дейін өсірілген жәрдемақылар төленген. Мемлекетке келтірілген залал 200 млн теңгеден асты.

Сот санкциясымен күдіктілердің 3 автокөлігіне тыйым салынды.

Тергеу жалғасуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар