Чавушоглу сөзінше, АҚШ-тың ұсынысы Түркияның ұлттық егемендігі ұстанымдарына қайшы келеді.
Түркия Ресейдің әуе қорғанысы жүйесін сатып алу жөнінде 2017 жылы келісім жасасқан, келісім құны 2,5 миллиард долларға бағаланған.
2019 жылы Анкара С-400 зымыран кешенінің алғашқы полкін алған. Бұл келісімге қарсы болған АҚШ Түркияны F-35 жойғыш ұшағының жаңа буынына арналған өндіріс бағдарламасынан шығарып тастағаны есімізде.
2022 жылы көктемде Reuters агенттігі "АҚШ билігі С-400 әуе қорғанысы жүйесін Украинаға берсе санкцияны алып тастауға уәде берген" деген хабар таратқан.
Киев Батыс елдеріне әуе қорғанысы жүйесін ұдайы сұрап келеді. Осыған байланысты Вашингтон Ресейдің әуе қорғанысы жүйесін пайдаланып отырған одақтастарына өтініш жасап, Украинаға беруді сұраған.
14 мамырда Түркияда президент және парламент сайлауы қатар өтеді. Қазіргі болжамдарға қарағанда, Реджеп Тайып Ердоған сайлауда жеңіліп қалуы әбден мүмкін. Ердоған Мәскеу мен Киев арасында ара ағайын болуға дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген.
Былтыр наурыз айында Стамбулда Ресей мен Украина делегациясы кездесіп, келіссөзге талпынып көрген. Түркияны "Украинаның Ресей басып алған жерінде өсірілген ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алып, Ресейге санкция тізіміне енген тауарларды жеткізіп жатыр" деп те айыптайтындар бар.