Ақмешіт үңгірі қаладан 70-80 шақырым қашықтықта орын тепкен. Түркістан облысы Бәйдібек ауданында орналасқан.
Бір қызығы, үңгір ішінде жарты сағат жүрсеңіз, бойыңыз жеңілдеп сала береді. Аурасы керемет. Мұнда жасыл жапырағы жайқалып, бірнеше ағаш өсіп тұр. Мұндай ағаштар үңгірден басқа маңайда жоқ.
Сонымен бірге үңгірдің төбесінен анда-санда тамшы тамып тұрады. Жергілікті жұрт оны «Ақ Молданың көз жасы» деп атап кеткен. Осы тамшылар үңгірдегі өсімдіктерге нәр береді. Кей кезде үңгір ішінде құстардың әні естіледі. Осының бәрі үңгірдің сән-салтанатын арттырып, оның киелі жер екенін айғақтай түсетіндей.
Үңгірде шырақшы бар. Ол зиярат етушілерге үңгірді таныстырып, құран бағыштап береді. Сонымен бірге мұнда перзент сүюді армандайтын ерлі-зайыптылар, ауруынан айығуды тілеген адамдар да келеді. Олар тілектерін тілеп, дұғаларын оқып болған соң, тастарды бірінің үстіне бірін қалап кетуді әдетке айналдырған. Бұл «дұғам тез қабыл болса екен» деген тілектен шыққан екен.
Үңгірдің тарихы жайында ел ішінде түрлі аңыздар бар. Енді бір аңызда көне заманда бұл зұлым айдаһардың үңгірі болған деп айтылады. Ол адамдар мен малға шабуыл жасапты. Айдаһар шықпақ болып қанатын жайғанда үңгірдің аузын бұзып кеңейтіп отырған-мыс.
Бір күні осы өңірге Сүлеймен пайғамбар келіп, айдаһарды шынжырлап тастайды. Осыдан кейін айдаһардың қанша жыл өмір сүргені туралы аңыздар ештеңе айтпаса да, ұйықтаған жері сақталып қалған.
Үңгірдің неге бұлай аталуына байланысты ел ішінде көптеген аңыздар бар. Солардың бірінде онда бір әулие әулетімен киіз үй тігіп тұрғаны жөнінде баяндалса, тағы бірінде бұл үңгір жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ әйелдері мен балаларына пана болғандығы туралы айтылады. Киелі жердің шырақшысы атанған Асқар Рүстембекұлы үңгірдің тарихын осылай тарқатып берді.
Элмира МӘЛІКОВА