М.Айтжанов облыстағы ірі медиаарнаның жоспарларымен таныстыра келіп, қаламызға қоныс тепкен тілшілер қосынындағы ваканттық орындарға кастинг түрінде болашақ мамандар іріктелетінін айтты.
Яғни, бірер күннен соң кәсіпқой режиссерлер мен продюсерлер оқу орнына арнайы келіп, биыл оқу бітіріп жатқан түлектердің арасынан тілшілік, жүргізушілік, бейнемонтажшылық, операторлық қызметке икемі бар жастарды таңдап алып, мамандық дағдыларына үйрете бастамақшы.
Бұл бір жағынан бітіруші түлектер үшін үлкен тәжірибе мектебі болмақ. Белгілі бір уақыт аралығында сынақ мерзімінен сүрінбей өткен студенттер дипломға ие болысымен-ақ біртіндеп қызметке қабылдана бастайтын болады. Оқу орнының журналистика кафедрасы алда әкімдіктердің ішкі саясат бөлімдерімен, баспасөз қызметтерімен, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе отырып, дуальді оқыту арқылы студенттерге сабақтан тыс уақытта дәрістен қол үзбей практикалық білім алу жүйесін де ойластыруды жоспарлап отыр. Бұл шын мәнінде салалық журналистиканы дамытуға үлес қосар жаңа бір үлгілік жоба болмақ.
"Dalanews" ақпарат