ТЖМ-ге жаңа аппарат басшысы тағайындалды

ТЖМ-ге жаңа аппарат басшысы тағайындалды
112 KZ

Генерал-майор Марғұлан Аманбаев Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі аппарат басшысы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тиісті бұйрыққа Төтенше жағдайлар министрі қол қойған.

Марғұлан Аманбаев 1973 жылғы 20 қаңтарда Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. 1995 жылы Жезқазған тау-кен технологиялық институтын, 2007 жылы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтын тәмамдаған. II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Азаматтық қорғау органдарындағы қызметін 2000 жылы Астанадағы Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің №8 өрт сөндіру бөлімінде инженер болып бастаған. Кейін елордалық гарнизонда түрлі басшылық қызметтер атқарды.

2020 жылы Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы болып тағайындалды. 2023 жылдан бастап ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2024 жылғы қыркүйекте Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментін басқарды.

ТЖМ мәліметінше, қызмет жылдарында Марғұлан Аманбаев азаматтық қорғау жүйесін дамытуға, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жұмыстарын жетілдіруге, сондай-ақ халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқан.