Жамбыл облысының Байзақ ауылында кәмелетке толмағандар арасындағы жанжалдан кейін 15 жастағы жасөспірім көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, оқиға 3 қазан күні сағат 22:00 шамасында болған. Жасөспірімдер арасындағы жанжал кезінде 2011 жылы туған бала дене жарақатын алып, кейін қайтыс болған.
Оқиғаға қатысы бар екінші кәмелетке толмаған бала ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Жамбыл облысының полиция департаменті күдіктінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігімен, яғни абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазір тергеу жүріп жатыр. Іс облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.