Түркістан облысының өзіндік ІТ бренді қалыптасып келеді

Азамат Қойшығара 14 қар. 2024 10:19 666

Түркістан облысының технологиялық паркін дамытып, өңірдің ІТ секторының өзіндік брендін қалыптастыруға бағытталған жобаларға соңғы жылдары көп көңіл бөліне бастады. Біріншіден бұл үдеріс заман көшінен қалмауға мүмкіндік беріп, туризмді дамытуға да септігін тигізсе, аймақ экономикасына да бюджетті үнемдеп, қаржыны тиімді пайдалану тұрғысынан өте керек дүние болып тұр.

Қытайлық ІТ компания өкілдерімен кездесті

Осы ретте облыс басшылығы соңғы уақытта аймақта халықаралық технопарқ құру мәселесімен және цифрландырудың өзге де жайттарын талқылау мақсатында көптеген инвесторлармен кездесіп, ортақ жобаларды талқылауды жиілетті.

Облыс әкімі Д.Сатыбалды Қытай Халық Республикасының IT-компанияларының өкілдерімен халықаралық технопарк құру жөнінде келіссөздер жүргізді.

Бұл стратегиялық маңызды жобаның өңірдің экономикалық және индустриялық дамуы үшін маңызы өте зор. Жоба электроникаға, компьютерлік техникаға, электр бұйымдарына, оптикалық кабельдерге, тұрмыстық техникаға және электр көліктеріне жөндеу және техникалық қызмет көрсету объектілерін, сондай-ақ электр көліктерін зарядтау станцияларын құруды қамтиды. Бұл бізге Түркістанда IT секторының өзіндік брендін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар технопаркте әртүрлі электронды және электр жабдықтарына қызмет көрсету орталықтары, сондай-ақ персоналды оқыту және дамыту орталықтары жұмыс істемек.

Технопарк өндіріс қуатын арттырып қана қоймай, Түркістан облысын технологиялық инновациялар орталығына айналдыруға, шетелдік инвестиция тартуға және экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға септігін тигізеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты экономикалық мүмкіндіктер ашылады.

Туристерді ІТ-парк арқылы да тартуға болады

Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін жеке инвестиция тартылады Түркістанда халық санының өсуіне және қаланың туристік орталық ретінде дамуына байланысты бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.

Облыс әкімі Д.Сатыбалды арнайы жиында құрылысты бас жоспарға және біртұтас архитектуралық стильге сәйкес жоспарлау қажеттігін айтты.

Сондай-ақ жасыл желек көлемін ұлғайтып, бос жатқан жерлерді тиімді пайдалануды тапсырды.

«Түркістанның өзіндік ерекше дизайны мен архитектуралық стилі болуы керек. Әрбір ұсыныс мұқият қарастырылып, сәулетшілермен талқылаудан кейін ғана жүзеге асырылуы керек. Әлеуметтік нысандар, демалыс орындары, саябақтар және басқа да ғимараттар бір-бірімен үйлесім табуы тиіс», деді Д.Сатыбалды.

Жиында қалалық мәдениет үйінің қасбеті, қалаға кіре берістегі тұрғын үй кешендері, абаттандыру жобалары сынды 17 жоба қаралды. Сондай-ақ, есу каналының жанындағы аумақты ірі туристік орталыққа айналдыру, аквапарк пен қонақүйлер салу мәселелері де сөз болды.

ІТ-парк пен үздіксіз білім беру орталықтарын салу бойынша ұсыныстар айтылды. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін жеке инвестиция тартылады.

Түркістанда цифрлық инженерия мектебі ашылуы мүмкін

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша Астанада Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов АҚШ-тың Пенсильвания штатынан келген америкалық EPAM Systems IT компаниясының басқарма төрағасы Аркадий Добкинмен кездесті.

Тараптар Түркістан қаласында технологиялық және білім беру орталығын, сондай-ақ EPAM Systems филиалын ашу мәселесін талқылады. Кездесу барысында ІТ секторды жетілдіру бойынша ынтымақтастық, Түркістан облысы және ондағы білім саласы бойынша келіссөздер жүргізілді.

Аркадий Добкин ERAM цифрлық инженерия мектебінің ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне тоқталып, ынтымақтастыққа ниет білдірді.

«Қазақстанға қош келдіңіз! Біздің кездесуіміз EPAM Systems және Қазақстан Республикасының Түркістан облысы арасындағы жаңа және жемісті қарым-қатынастардың бастауы болады деп сенемін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында білікті мамандарды даярлау арқылы Қазақстанды IT-елге айналдырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Осы бағытта Түркістан облысында білім сапасын арттыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Түркістан облысы еліміздің оңтүстігінде орналасқан. Облыстың әкімшілік орталығы – Түркістан қаласы. Түркістан – қазақ халқының тарихында ғасырлар бойы орасан зор рөл атқарған Орталық Азиядағы ең көне шаһарлардың бірі.

Бүгінгі таңда Түркістан облысы бұл мұраны сақтап қана қоймай, белсенді түрде дамытуда. Облыстағы мектептерде 522 мың оқушы білім алуда. Біздің облыс түлектердің саны бойынша республикада көш бастап тұр. Яғни, өткен жылы оқу орындарын 32,6 мың түлек тәмамдады.

Түркістан қаласында екі халықаралық университет бар. Екі университет те әртүрлі салаларда білім береді және аймақтағы маңызды білім беру орталықтары болып табылады. Америкадағы IT саласындағы ең мықты компания Түркістанда жұмыс істесе екен деп тілейміз. Жастарымыз білімді, білікті болса, нағыз бәсекеге қабілетті болары сөзсіз», дейді Еркеғали Әлімқұлов.

Түркістанда екі халықаралық университет бар. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде 8 мыңға жуық студент білім алуда. Оның ішінде 5782 азамат Түркістан облысының тұрғындары, 2211-і басқа қалалар мен шет мемлекеттерден келген азаматтар.

Кореялық ІТ университетінің филиалын ашу жоспарланған

Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінде 2980 студент бар. Оның 1932-сі Түркістан облысының тұрғындары болса, 1048-і басқа өңірлерден келген студенттер. Түркістан облысында білім беру саласына, оның ішінде бәсекеге қабілетті IT саласына мамандар даярлауға көп көңіл бөлінуде.

Осыған орай 2024 жылдың наурыз айында Түркістан облысының делегациясы Корея Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды WOOSOONG білім беру қорымен Түркістан қаласында ІТ университетінің филиалын ашу жөнінде келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде маусым айында WOOSOONG университетінің делегациясы Түркістан облысына іссапармен келді. WOOSOONG білім беру қорының төрағасы Ким Сонг-кюнмен кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арасында Түркістан қаласында университет құру туралы келісімге қол қойылды. Қазір университет ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Нысанның құрылысын аяқтау 2025 жылға жоспарланған.

Айта кетейік, EPAM Systems – 1993 жылы негізі қаланған беларусь тамыры бар американдық IT-компания. Беларусь жоғары технологиялар паркінің тұрғыны тапсырыс бойынша бағдарламалық қамтамасыз етуді шығарады және кеңес беру қызметін көрсетеді. Компанияның штаб-пәтері Пенсильвания штатының Ньютаун қаласында орналасқан және 40-тан астам елде еншілес компаниялары бар. Компанияның жылдық айналымы 5,5 миллиард АҚШ долларын құрайды.

ЖИ және робототехника саласындағы ынтымақтастық

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Татарстан Республикасына жұмыс сапары аясында Иннополис қаласында болды. Аймақ басшысы Иннополис қаласының әкімі Дмитрий Вандюковпен және университет директорының орынбасары Ескендір Бариевпен кездесіп, заманауи білім ошағымен танысты.

Тараптар ғылым мен IT-технологияларды дамыту, жасанды интеллект және робототехника саласындағы ынтымақтастық және инновациялық аумақтарды құру бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Иннополис университеті ақпараттық технологиялар мен робототехника саласындағы білім беру мен зерттеуге маманданған. Мұндағы барлық оқу бағдарламалары ағылшын тілінде жүргізіледі, ал мамандықтар ақпараттық технологиялармен тығыз байланысты.

Университет Ресейдегі 300 жетекші IT компанияларымен біріктірілген 17 зертханасы мен тоғыз даму орталығы бар ғылыми орталық болып отыр. Оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі. Мемлекет басшысының Қазақстанның цифрлық технологиялардың жаһандық орталығы ретіндегі позициясын нығайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан облысында ІТ саласын дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Татарстан Республикасына жұмыс сапары ақпараттық технологиялар саласындағы мүмкіндіктерді кеңейту жолындағы маңызды қадам болды. Сапар барысында облысымыздың делегациясы «Иннополис» арнайы экономикалық аймағымен танысты. АЭА жалпы ауданы 311 гектарды құрайды. Мұнда алдыңғы қатарлы инновациялық шешімдер әзірленіп, коммерцияланады.

АЭА-ның негізгі нысаны технопарк кеңселері мен даму орталықтары бар заманауи көпфункционалды кешен болып табылады. Мұнда IT-компаниялардың дамуына барлық қолайлы жағдайлар жасалған, ірі ресейлік және халықаралық IT-компаниялар мен жаңа перспективалық жобалар шоғырланған. IT-стартаптарды құру және қолдау инновациялық және технологиялық бағытты ынталандыруда маңызды рөл атқарады.

Татарстанның тәжірибесімен танысу үшін түркістандық делегаттар Башир Рамеев атындағы ІТ-паркке барды. Саябақта коворкинг алаңы, цифрлық кітапхана, балалар технопаркі, стартап хабы, киберпарк аренасы және т.б. бар. Иннополис – Қазан қалалық агломерациясының аумағында салынған заманауи қала. Онда Иннополис университеті және бірегей «Иннополис» экономикалық аймағы бар. Мәскеу маңындағы Сколково және Новосибирскідегі Кольцовомен қатар бұл Ресейде ІТ-технологияларды дамыту мақсатында ашылған ғылыми-өндірістік аумақтардың бірі.

Түркістан облысының делегациясы Татарстандағы кәсіпорындарды аралайды. Инвесторлармен бірқатар келісімдер жасалады деп күтілуде. IT саласы мен ауыл шаруашылығындағы озық технологиялар мен жобаларға басымдық беріледі.

Түркістандағы «Күлтөбе қалашығы» паркіне цифрлық технологиялар қолданылады

Түркістанда туризмді дамытуға бағытталған «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы заманауи археологиялық паркінің құрылысы жүріп жатыр. Мұндағы жұмыстар әлі жалғасуда. Жуырда жобаның бірінші кезеңі аяғына шыққан болатын. Қалашық «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының бағынысына кіреді. Ал мұндағы бар шаруа ЮНЕСКО-ның талаптары аясында атқырылып жатыр.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты бірқатар басқарманың басшылар мен жобаға қызығушылық танытқан шетелдік компания өкілдерімен кездесіп, жоғарыда аталған жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру талқыланған кеңес өткізді. Жиында сондай-ақ Күлтөбе қалашығы төңірегінен заманауи туристік нысандар салудың жай-жапсары пысықталды.

– Бұл қалашыққа келген саяхатшылар Қазақ халқының тарихынан, мәдениетінен, қасиетті Түркістан шаһарының өткенінен мағлұмат алатындай болуы тиіс. Біздің маңызды құндылығымыз – Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен үндесіп, туристер келетін орынға айналуы керек. Жан-жақты зерттеп, зерделеп барып, жұмысты жүргіземіз, – деді Дархан Сатыбалды.

Жобаның жалғасы ретінде тағы бір ерекше нысан салынбақ. Онда келушілерге 3D форматының жетістіктерінің көмегімен және заманауи цифрлық технологияларды қолдану арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндіктер қарастырылады. Қазақы ою-өрнектермен безендірілген нысан түнде жарқырап, алыстан «менмұндалап» тұратын болады.

Ал алдағы уақытта археологиялық парктің қонақтары цифрлық технологиялар арқылы ежелгі заманға визуалды саяхат жасап, небір тамаша деректерге куә болмақ. Сондай-ақ сол төңіректен табылған археологиялық жәдігерлерге қатысты да түрлі деректер енгізіліп, қазақ мәдениеті мен қолөнерінен сыр шертетін дүниелер жұртшылық назарына ұсынылмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар