Ташкентте жаңа халықаралық әуежай салынады

Көркем Алдабергенова 16 қаз. 2025 09:24

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Ташкент облысында салынатын жаңа халықаралық әуежай жобасымен танысып, оның құрылысының ресми басталуына арналған салтанатты рәсімге қатысты. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ташкенттің қарқынды дамуы мен әлемге ашық саясаттың нәтижесінде елге келетін туристер мен инвесторлар саны едәуір артқан. Егер бұған дейін шетелдік туристер саны 3 миллион болса, бүгінде ол 10 миллионға жетіп, 2030 жылға қарай 15 миллионға дейін көбейеді деп күтілуде.

Көрші елдермен тату көршілік қатынастар мен шекаралардың ашылуы аймақ ішінде еркін қатынауға мүмкіндік берген. Мемлекет басшысының бастамасымен салынып жатқан Жаңа Ташкент қаласы қолайлы орналасуы, инвестициялық тартымдылығы және жайлы өмір сүру жағдайымен елдің ең белсенді орталықтарының біріне айналмақ.

Салада бәсекелестік ортаның қалыптасуы нәтижесінде 15 жаңа әуе компаниясы ашылып, ұшақтар паркі 26-дан 105-ке дейін ұлғайған. Қазір 51 шетелдік әуе компаниясы - Сауд Арабиясы, БАӘ, Катар, Оңтүстік Корея, Қытай, Үндістан, Малайзия, Түркия, Ресей, Польша және басқа елдерден - Өзбекстанға тұрақты рейстер орындайды.

Мирзиёевтің айтуынша, алдағы бес жылда ұшақтар саны 180-ге, бағыттар саны 230-ға жетіп, жылына 200 мың рейс орындалмақ.

Жаңа әуежайдың ерекшеліктері

Соңғы сегіз жылда Ташкентке келетін жолаушылар саны үш есеге өсіп, жылына 9 миллион адамға жетті. 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 24 миллионға дейін көтеріледі деп болжануда. Ал қазіргі әуежай қаланың ішінде орналасқандықтан кеңейту мүмкіндігі жоқ.

Сондықтан халықаралық сарапшылар мен жұртшылықтың ұсыныстарын ескере отырып, Уртачирчик және Қуйичирчик аудандарының аумағында, 1 300 гектар жерге жаңа халықаралық әуежай салу туралы шешім қабылданды.

Жобаны Vision Invest (Сауд Арабиясы), Sojitz (Жапония) және Incheon (Оңтүстік Корея) компаниялары бірлесіп жүзеге асырады. Төрт кезеңнен тұратын бұл жобаның алғашқы бөлігіне 2,5 млрд доллар жұмсалады.

Әуежай іске қосылған соң жылына 20 миллион жолаушыны және 129 мың тонна жүкті қабылдай алады. Сағатына 30 ұшақтың ұшып-қонуына мүмкіндік туады, 14 телескопиялық трап, 62 ұшаққа арналған тұрақ алаңы қарастырылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар