Солтүстік Қазақстан облысында 25 жекеменшік сот орындаушысы 2023 жылға арналған жеке табыс салығы бойынша декларацияда өз кірістерін әдейі төмендеткені анықталды. Жасырылған табыстың жалпы көлемі - 133,5 млн теңге, ал төленбеген салық сомасы 13,2 млн теңгеге жеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, тексеріс барысында сот орындаушыларының табыстарды декларациялау кезінде заң бұзушылықтарға жол бергені анықталған.
"Бақылау органы 2023 жылға арналған 240.00 нысанды декларацияны талдау кезінде бірқатар сот орындаушыларының табысты едәуір азайтып көрсеткенін анықтады. Барлығы 25 тұлға 133,5 млн теңге көлеміндегі табысын жасырған, нәтижесінде 13,2 млн теңге салық төленбей қалған", – делінген хабарламада.
Тіпті кейбіреулері табысы мүлде болмағандай нөлдік декларация тапсырған.
Мысалы, бір сот орындаушысы 459 атқару құжатын орындап, соның нәтижесінде 4,5 млн теңге табыс тапқан, бірақ декларациясында табыс жоқ деп көрсетіп, 449 мың теңге салықтан жалтарған.
Прокурорлық тексерістен кейін салық органдары камералдық бақылау жүргізіп, заң бұзушылықтарды түзету шараларын қабылдаған.
Нәтижесінде 11 сот орындаушысы декларациясын нақтылап, 27,4 млн теңге табысты қайта көрсетіп, 2,6 млн теңге салықты өз еркімен төледі.
Қазір Бас прокуратураның актісін орындау аясында уәкілетті орган қалған салық қарыздарын өндіріп алу бойынша шаралар қабылдап жатыр.