Қазақстандағы бірегей жоба Елбасымыздың жарлығымен қабылданған «Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын» орындау мақсатында іске асырылғанын айта кетуіміз керек. Бұл жоба өткен жылы өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне Түркістан облысының жетістігі ретінде ұсынылып, көпшіліктің қолдауына ие болғаны есімізде.
Кәсіпорын чехиялық «HEDVIGA GROUP» компаниясымен бірлесіп салынған. Мұндағы технологияның ерекшелігі қаланың сарқынды суларды тазалау имаратынан шыққан шөгінділерді өңдеп, одан биогаз алады. Өндіріс ошағы іске қосылғалы бері бұл технология сыртқы ортаның ластануын едәуір төмендетіп, облыстың экологиялық жақсаруына біршама үлес қосқан.
Жалпы облыста жаңғырмалы энергия көздері саласын дамыту басты назарға алынған. Мысалы, Түркістан облыста жалпы қуаты 183,9 мегаватт болатын 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде оның 4 жобасы жүзеге асқан. «Су ресурстары – маркетинг» серіктестігінің бастмасымен құны 2 млрд. 200 млн. теңге болатын жоба іске асты. Бұл жоба бойынша қалдықтарды өңдеу арқылы тәулігіне 300 м3 метанды газды (биогаз) өндіреді. Мұнда тұрақты жұмыс орнымен 20 адам қамтылған. Сонымен қатар, өндірілген энергия кәсіпорынның жылу энергиясына қажеттілігін толығымен, ал электр энергиясына қажеттілігінің 50 пайызын жауып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі