Ақын жаны қашанда нәзік, тылсым сырға толы келеді. Бүгінгі біздің қонағымыз да шығармашылық әлемге терең бойлаған. «Жазу бұл – әркімге бұйырмайтын, жоғарыдан берілген сый» - дейді Калима ханым. Өзінің алғашқы өлеңдерін 7 жасынан бастап жазған ол, мектеп кезінен бастап жазу өнерімен көзге түскен. Ұстаздарының мақтауын алған сол кездегі шығарма, мазмұндамалары бүгінде поэмалармен, жыр жинақтармен алмасқан. Қанмен келген қасиетін ерекше мақтан тұтатынын, әрі аса үлкен жауапкершілікті сезінетінін айтып өтті. Иә, атасы ақын, әжесі халық әндерінің орындаушысы болған кейіпкеріміз кішкентайынан бастап шығармашылық әлемге жақын болып өскен.
Шығармашлық адамдар үнемі даму үстінде болу керектігін ерекше атап айтты. Бұл Калима ханымның өмір сүру дағдысына айналғандай. Өйткені бүгінгі таңда шығармашылық кездесулер мен мәдени іс-шараларда жиі бой көрсетеді. Әсіресі өскелең жас ұрпақтың дамуы үшін белсенді түрде атсалысуда. Оған дәлел «Южные голоса» байқауы. Поэзия сүйер жастардың басын қосып, бәйгеден оза шапқандарын шығармашыл ортаға ерте білген. Енді ғана алғашқы қадамдарын жасап жүрген жастарға көмек қолын созып, шәкірт тәрбиелеп отыр.
«Менің әлемім, менің қалам» деп сипаттаған «Калимаград» рухани жобасының да алар орны ерекше. Әдеби оқулар, қойылымдар, кездесулер бұның барлығы осы жоба аясында өтеді. Әрбір оқырманын асыға күтетін Калима ханым шығармашылық орта қалыптастырудың маңызын айқын түсіндірді. Себебі, ақпарттық технологиялар заманында рухани дағдарысқа түсу оңай дейді. Сондықтан кітап беттерін парақтауға асық болыңыздар дей отырып, күніне бір уақыт 5 минут болса да кітап оқуды әдетке айналдыруға шақырады.
Сөз құдіретін сезіну әрі, оны өзгелерге жеткізе білу шынымен де көпке бұйырмас өнер. Сондықтан сол ортада аянбай еңбек етіп жүрген әрбір тұлға біздің әдебиетіміз үшін аса қажет. Рухани даму басты мақсат болуы керек. Сонда ғана елімздің мерейін үстем етеріміз анық.
Мөлдір АДАМЖАН,
Алматы қаласы Орталықтандырылған
кітапханалар жүйесі қызметкері