Білім ошағы әкімшілігі мен ұстаздарының қолдауының арқасында жас зерттеушілер облысымызға қарасты Абай және Жарма аудандарындағы қасиетті орындарға сапарлап қайтты.
Танымдық сапар аясында сол жерлердің тарихы жайлы түрлі деректер жинап, географиялық, биологиялық ерекшеліктеріне де мән берді.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері арасындағы «Туған елге тағзым» желілік жобасы оқушыларымыздың қызығушылығын ерекше тудырды десем артық айтпаған болар едім. Дәстүрлі жобаға қатысып, өздерінің түрлі тақырыптардағы еңбектерімен таңғалдырып жүрген шәкірттеріміз аз емес. Дегенмен, олардың зерттеушілік дағдыларын дамытуда біздің көмегіміз қажет. Осыны ескере отырып көпшілікке танымал «Қоңыр Әулие» үңгірі, «Баянбай ата» сынды жерлерге арнайы атбасын бұрдық, - дейді тарих және география әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Жанат Аманғожин.
Оқушылар өз зерттеулерімен соңғы 1 жылдан бері айналысып келеді. Алдымен жалпылама ақпарат жинаған олар өз зерттеу нысандары бойынша енді жан-жақты қарастыруға бел буып отыр.
«Амина екеуміздің зерттеу жобамыз «Баянбай ата туристік маршрутын дамыту» деп аталады. Ел арасында емдік қасиетімен танылған бұл мекен жайлы білу кімге болсын қызықты деп ойлаймыз. Халыққа қажетті ақпаратты беру үшін зерттеу жүргізіп жатырмыз. Біз бұған дейін бұл орын жайлы көптеген деректерді естіп білсек, енді көзімізбен көріп, ондағы судың, топырақтың құрамын анықтамақпыз. Осы өлкеде өсетін өсімдіктерді де зерттеуді ұмытпаймыз.» - дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Алима Бабакпаева.
Сондай-ақ жас зерттеушілер қазірдің өзінде арнайы сайт жасап, онда Баянбай атаға жету картасы көрсетілген.
Бұдан бөлек, сайтқа түрлі фотолар, арнайы әзірленген қысқа метражды ақпараттық – танымдық фильм орналастырылған екен.
Шығыс Қазақстан облысындағы киелі мекендердің бірі «Қоңыр Әулие» үңгірінің құпиясының сырын ашқысы келген зерттеушілердің екінші тобы үңгірдегі ауа мен судың температурасын өлшеп қана қоймай, су мен топырақтың химиялық құрамы және өсімдік әлемін назардан тыс қалдырмады. Үңгір жайлы түрлі аңыз, әңгімелерден бөлек тарихи деректер жинады.
Жоба жетекшілерінің бірі Мақсат Құдагелдин шәкірттерінің бұл еңбектері кешенді зерттеу екендігін айтып отыр. «Өйткені, үстіміздегі жылдың маусым айында Ақбауыр шатқалындағы археологиялық зерттеу жұмыстарын көзімен көріп, Назарбаев Университеті ғалымдарының кеңесіне құлақ түрген зияткерлердің ізденісі Баянбай ата, Қоңыр әулие үңгірі туралы зерттеумен жалғасқан.
Жоспарда туристердің ерекше қызығушылығын тудырып отырған – «Ырғызбай ата» кесенесіне сапар шегу бар» дейді жоба жетекшісі. Осы сапарлардың барлығы – өскелең жас ұрпақтың өлке тарихын тереңірек білуіне септігін тигізетін игі шаралар екені сөзсіз.