Шығыс Қазақстанда 99 нәрестеге "Сүйінші" сыйқорабы тарту етілді

Dalanews 20 жел. 2021 11:47 713

Өңірде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні дүниеге келген 99 сәбиге Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай baby-бокстар сыйға тартылды.

«Азаматтарға арналған үкімет» МК ШҚО филиалының мәліметінше, «Сүйінші» сыйқорабына бөбектерге қажетті заттардан басқа, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы мен баланың тууы туралы куәлігі салынған.

«Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!», - деп жазылған Президенттің құттықтауында.

16 және 17 желтоқсанда туған балаларға туу туралы куәлікті алу туралы өтінімдерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері қабылдап, әрі қарай Қазақстан азаматының алғашқы құжатын ресімдеу үшін АХАЖ органдарына жолданды.

- Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні туған сәбилердің ата-аналары мерекенің 30 жылдығына орай «Сүйінші» сыйқораптарын алды. ШҚО мереке күндері 99 бала дүниеге келді. АХАТ қызметкерлеріне туу туралы куәліктерін рәсімдегені, Қазпошта қызметкерлеріне «Сүйінші»-бокстарды жеткізгені, сондай-ақ барлық медицина қызметкерлеріне қажырлы еңбектері үшін алғыс айтқым келеді, - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» облыстық филиалының директоры Азамат Есембулов.


16 желтоқсанда облыста дүниеге келген алғашқы баланың есімі - Әміре.



 

- Біздің үшінші баламыз 16 желтоқсанға қараған түні дүниеге келді. Ұйымдастырушыларға көңіл бөліп, құттықтағандары үшін үлкен рахмет, - деп сәбидің анасы Ақерке Болатова алғыс білдірді.

Айта кету керек, «Сүйінші» сыйқораптарын ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкімет» МК-мен бірге ҚР Ұлттық банк, Центркредит банкі және «Қазпошта» АҚ қатысуымен ұйымдастырды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар