Трамп пен Байден әлемдік геосаяси ахуалды талқылады - БАҚ

Сағыныш Сардарова 14 қар. 2024 17:30 1264

Президент Джо Байден Ақ үйде жаңадан сайланған президент Дональд Трампты қабылдады. Олар не туралы сөйлескені белгілі болды,деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Азаттық" New York Post басылымының деректерін келтірді. Мәліметке сүйенсек, АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп қазіргі президент Джо Байденмен кездесу кезінде Украинадағы соғыс және Таяу Шығыстағы ахуалды талқылаған. 

"Біз Таяу Шығыс туралы да көп сөйлестік. Мен оның не ойлайтынын білгім келді. Жауабын да естідім. Ол өте мейірімді болды" деп телефон арқылы Трамптан сұхбат алып, оның сөзінен үзінді келтірді New York Post басылымы", - деп жазылған мәліметте.

Трамптың сөзінше, олар бір-бірімен қуана көріскен және 20 қаңтар күнгі инаугурация қарсаңында тағы бір рет кездеспек. Байден Трампты жеңісімен құттықтап, қаңтарда биліктің «бірқалыпты ауысуын» күтетінін жеткізді.

"Трамп пен Байденнің кездесуі қарсаңында АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан Байденнің бұдан әрі қарай да Украинаны қолдауға шақыра беретінін айтты. Себебі Киевті қолдаусыз тастап кету Еуропадағы тұрасыздықты арттырумен пара-пар.

Трамп сайлауалды кампаниясы кезінде Украинадағы соғысты тезірек аяқтауға уәде берген. Дегенмен түрлі ақпарат құралдарындағы дереккөздердің хабарлауынша, Трампта бұл бойынша нақты жоспар жоқ. Ол екі жақ біріне жеңілдік жасайды деп үміттенетін тәрізді", - деп жазды "Азаттық".

Айта кетейік, бұған дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының меңгерушісі м.а. Жанат Момынқұлов Dalanews.kz-ке сұхбат беріп, АҚШ-тағы сайлау нәтижелері туралы болжам жасады.

"Трамп әлемдік саясатта ойып тұрып орын алады. Оның үстіне қазіргідей дағдарыс, соғыс жағдайында оның іс-қимылы - бәрі өте маңызды. Бірақ Харрис қалған жағдайда Американың осы саясаты жалғаса береді. Қытайға, Ресейге, Иранға қатысты шектеу, тежеу саясаты жүреді.

Менің ойымша, Харристің жеңісіне қуанамыз. Ал Трамп келетін болса, Ресеймен қарым-қатынасындағы өзгерістер Орталық Азияға, бізге салқын әсер етеді. Бәрі айналып келгенде халықаралық жүйеге әсер етеді. Біз болжап болмайтын оқиғалар басталып кетуі мүмкін. Харрис Орталық Азияға жаңа бір көзқарас танытуы мүмкін, ол - Ақ үйдің маңындағы бюрократтардың өкілі, тұрақтылықтың "гарантиясы". Ал Трамп келсе, Украинадағы жағдай ұзаққа созылатын дауға айналуы мүмкін. Сондықтан, менің ойымша, Харристің келгені Қазақстанға тиімді. Орталық Азияға тікелей әсері болмаса да, шешімдері арқылы айналып келгенде әсері болады", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар