Шымкенттегі ауруханада аналар балаларымен бірге еденде түнеп жүр

Қаракөз Амантай 20 қаз. 2025 10:18

Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында орын жетіспей, науқас балалармен келген аналар дәліздің еденінде түнеп жүр. Мекемедегі жағдайды келушілер видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде таратқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

HALYQSTAN Telegram-арнасының хабарлауынша, кадрларда балалар бөлімінде науқастардың дәліз бойына төселген матрастарда жатқанын көруге болады.

"Миллион тұрғыны бар қалада әлі күнге дейін жеткілікті төсек-орны бар заманауи инфекциялық аурухана неге жоқ?" – дейді видеодағы әйел.

Аталған аурухана 40 жылдан астам бұрын салынған және небәрі 360 орынға арналған. Мұнда ересектер де, балалар да қабылданады, ал олардың ішінде ең көп жүктеме дәл балалар бөлімшесіне түседі.

Жыл басында мекемеде күрделі жөндеу жүргізіліп, желдету мен жылыту жүйелері ауыстырылған, жабдықтар жаңартылған. Алайда науқастардың айтуынша, жағдай әлі де нашар.

Шымкент қалалық әкімдігі балалар бөлімшесінің толып кеткенін растады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері науқастардың дәлізде уақытша жатқызылуын "жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына байланысты шара" деп түсіндіріп, мұндай жағдай санитарлық нормаларды бұзу болып саналмайтынын айтты.

"Аурухананың он бөлімшесінің сегізі тәулік бойы жұмыс істейді және аса қауіпті инфекцияларға шалдыққан науқастарға көмек көрсетеді. Палаталар 2–4 орынға арналған, жеке санитарлық тораптар мен желдету жүйесімен жабдықталған", – деп хабарлады әкімдік.

Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, науқастар көп түскен жағдайда дәлізде уақытша орналастыруға рұқсат етіледі және бұл Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес жүргізіледі.

Аурухана әкімшілігі барлық науқастар дәрігерлердің бақылауында екенін және қажетті ем-дом көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар