Ресейлік Lynx атты хакерлік топ Ұлыбританиядағы сегіз әскери базаның ішкі құжаттары мен қызметкерлерінің жеке деректерін, сондай-ақ киберқауіпсіздік нұсқаулықтарын интернетке жариялап жіберді. Бұл туралы Daily Mail газеті жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі бұл жағдайға байланысты тергеу басталғанын мәлімдеді.
Басылым дерегінше, шабуыл Қорғаныс министрлігінің мердігер компаниясы – әскери нысандарды салумен және техникалық қызмет көрсетумен айналысатын Dodd Group ұйымына бағытталған. Сондай-ақ ұрланған материалдардың арасында тағы бір құрылыс компаниясы – Kier фирмасына тиесілі құжаттар да бар.
Хакерлер құпия құжаттар үшін ақша бопсалап, ақпаратты біртіндеп жариялай бастаған.
Әшкере болған мәліметтер
Интернетке тараған құжаттардың арасында Корольдік әскери-әуе күштерінің (RAF) базаларының сызбалары бар. Сол нысандарда ядролық қарулар мен америкалық F-35 жойғыштары сақталатыны, сондай-ақ жабық режимдегі радар станциялары мен әскери дрондардың негізгі орталығы орналасқаны айтылады.
Сонымен қатар, Ұлыбританияның оңтүстігіндегі әскери-теңіз базалары туралы мәліметтер де ашық дереккөздерге тарап кеткен.
Ұлыбритания билігі бұл деректердің таралуы елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, жағдайды бақылауға алған.