Полиция "Қайрат" - "Пафос" ойынына байланысты ескерту жасады

Көркем Алдабергенова 20 қаз. 2025 13:46

Алматы полициясы «Қайрат» – «Пафос» футбол матчы қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматыда полиция қызметкерлері қаладағы Орталық стадионда өтіп жатқан «Қайрат» пен «Пафос» командалары арасындағы халықаралық футбол матчы кезінде жанкүйерлердің тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

Полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау мен трибуналардағы бақылаудан бастап, спорт нысаны маңындағы жол қозғалысын реттеуге дейінгі барлық бағытта жұмылдырылған.

Полицияның мәліметінше, матч өткізу кезінде көлік қозғалысына ішінара шектеулер енгізілуі мүмкін. Осыған байланысты алматылықтарға өз бағыттарын алдын ала жоспарлап, уақытша шараларға түсіністікпен қарау ұсынылады.

«Алматы полициясы футбол кешінің тыныш әрі жайлы өтуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдап отыр. Мұндай іс-шаралардағы қауіпсіздік тек тәртіп сақшыларына ғана емес, азаматтардың жауапкершілігіне де байланысты. Жанкүйерлерден тәртіп сақтап, полициямен өзара ынтымақтастық танытуды сұраймыз», – деді, Алматы қалалық ПД Қоғамдық қауіпсіздік Басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ногайбаев.

Полицейлер қабылданып жатқан барлық шаралардың басты мақсаты – спорттық мереке кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау екенін атап өтті. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар