Денсаулық сақтау министрлігі үндістандық қауіпті жөтелге қарсы сироптарға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің хабарлауынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Үндістанда өңдірілген үш жөтелге қарсы сироптан- COLDRIF, RespifreshTR және ReLife – улы зат диэтиленгликольді анықтады. Аталған сироптар Sresan Pharmaceuticals, Rednex Remedies және Shape Pharma компанияларында өндірілген.
«Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы үш үндістандық жөтелге қарсы сироп- COLDRIF, Respifresh TR және ReLife – Қазақстанда тіркелмегенін және сәйкестік сертификаттары жоқ екенін хабарлады»,- делінген хабарламада.
ДДСҰ деректеріне сәйкес, аталған дәрілерді қолдану денсаулыққа, әсіресе балалар үшін, аса қауіпті болуы мүмкін. Диэтиленгликоль- ішке қабылдаған жағдайда ауыр улану мен жедел бүйрек жетіспеушілігін тудыруы мүмкін улы химиялық қосылыс.
Қазақстандықтарды дәрілік заттарды сатып алу кезінде сақ болуға, препараттарды тек лицензияланған дәріханалардан алуға және аталған сироптарды қолданудан бас тартуға шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Үндістанда жөтелге қарсы сироптан бес жасқа дейінгі 17 баланың қайтыс болғаны, тағы 11 баланың ауыр жағдайда жатқаны хабарланған болатын. Барлық балаларда бүйрек жетіспеушілігі мен миға қатты зақым келу белгілері байқалған. Бұл жағдайларға COLDRIF сиропынан табылған улы диэтиленгликоль заты себеп болған.