KEGOC-тың таза табысы 64 %-ға артты

Кәмшат Тілеухан 12 қар. 2024 15:39 1495

Жергілікті инвесторлар асыға күткен KEGOC акционерлік қоғамының 2024 жылдың тоғыз айы бойынша есебі жарияланды. Қор биржасындағы "ойыншылар" үміті ақталып, аталған кезеңде компанияның таза табысы 64%-ға артқан. Бұл өте тамаша көрсеткіш! Яғни, KEGOC 2024 жылдың 9 айында 47 млрд теңге табыс тапқан, ал 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі бұл көрсеткіш 28,63 млрд теңгені құраған еді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жыл басынан бері компанияның түсімі де артқан. Былтыр 9 айда оператор 172,9 млрд теңге түсім алса, биыл түскен қаржы 232,4 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржының 208,5 млрд теңгесі қазақстандық сатып алушылардан түскен. Ал ресейлік тұтынушылардан 22,4 млрд теңге түсті. Ал операциялық табысы 59,2 млрд теңгені құрады.

KEGOC-тың жыл басынан бергі активі 19,17 млрд теңгемен немесе 19,1%-ға толығып, 1,02 трлн теңгеге дейін өсті.

Компанияның міндеттемелері 5,98 млрд теңгеге немесе 1,9%-ға азайып, 310,08 млрд теңгені құрады. Бұған компанияның ұзақмерзімді міндеттемелерінің азаюы түрткі. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері 5,49 млрд теңгеге қысқарған. Бұл да оң сипаттағы көрсеткіш.

Бұған дейін KEGOC 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында 22,7 млрд теңге дивиденд төлегенін жазған болатынбыз.

Компанияның негізгі акционері – "Самұрық-Қазына" қоры, ол ұлттық оператордың 85% акциясына иелік етеді. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар