KEGOC 2024 жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша дивидендтер төледі

Кәмшат Тілеухан 04 қар. 2024 16:52 1726

"KEGOC" АҚ 2024 жылғы бірінші жартыжылдық қызметінің қорытындылары бойынша дивиденттер төледі. Компания бұл мақсатқа таза пайданың 64,5%-ын, яғни 22,7 млрд теңгені бағыттады. Сонда бір жай акциядан түскен дивидент 82,40 теңгені құрайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша "KEGOC" АҚ жай акциялары бойынша дивидендтер алуға құқығы бар компания акционерлерінің тізімі 2024 жылғы 28 қазанда 00 сағат 00 минутқа тіркелді.

"KEGOC" АҚ акционерлеріне жылына екі рет дивидендтер төлейтінін нақтылай кетелік.

2023 жылы компания дивидендтік саясатын жаңартты, оған сәйкес дивидендтерді төлеуге таза пайданың кем дегенде 60%-ы жұмсалады. 2014 жылдан бастап акционерлерге төленген дивидендтер сомасы 280 млрд теңгеден асты.

Айта кетсек, 2023 жылы компания KASE мен AIX биржаларында өз акцияларын қайта орналастыру  (SPO) арқылы 22,6 млрд теңгеден астам қаражат тартып, 15 млн 294 мың 118 бағалы қағаз сатты. Бір жай акцияның бағасы 1 482 теңгені құрады. SPO нәтижесінде инвесторларға орналастырылған жай акциялардың жалпы көлемінің 5%-дан астамы сатылды, осылайша "Самұрық-Қазына" мемлекеттік қорының үлесі 90%-дан 85%-ға дейін қысқарды. Компания IPO-ны 2014 жылы өткізді, ол кезде KASE-дегі бір жай акция 505 теңгеде ұсынылды. KEGOC Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы қызметін атқарады.

KASE деректері бойынша, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша компания акцияларының 85%"Самұрық Қазына" мемлекеттік қорына, 6,88%-ы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиесілі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар