Орталық Азияда мұндай мәртебе тек Қазақстанда бар

Орталық Азияда мұндай мәртебе тек Қазақстанда бар
Gov.kz

Парижде өткен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (ДЖДҰ) 93-бас сессиясында Қазақстанға аусылға қарсы вакцинацияланған таза аймақ мәртебесі берілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ресми сертификат Қазақстан делегациясына табысталды. Осылайша, ДЖДҰ халықаралық стандарттарына сәйкес еліміздің бүкіл аумағы аусыл ауруынан таза аймақ ретінде танылды. Шығыс және Орталық Азия елдерінің ішінде мұндай мәртебеге Қазақстан ғана ие болды.

Бұл нәтиже 2024 жылдан бері жүргізілген ветеринариялық қауіпсіздік шараларының қорытындысы ретінде бағаланып отыр. Елде эпизоотиялық ахуалды тұрақты сақтау, ветеринариялық бақылауды күшейту, биологиялық қауіпсіздікті жетілдіру және мониторинг жүйесін дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілген.

«Қазақстан халықаралық деңгейде мойындалған эпизоотиялық қауіпсіздік жүйесін дәйекті түрде нығайтып, ұлттық ветеринариялық қауіпсіздіктің деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Бүгінде еліміздің бүкіл аумағы аусылға қарсы вакцинацияланған таза халықаралық аймақтармен қамтылды. Бұл ел үшін үлкен жетістік», – деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Министрдің айтуынша, бұл мәртебе Қазақстанның халықаралық беделін күшейтіп, шетелдік серіктестердің сенімін арттыруға және мал шаруашылығы өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сапаров сондай-ақ Қазақстан жыл сайын африкалық жылқы обасы мен классикалық шошқа обасы бойынша қауіпсіз мәртебесін дәлелдеп келе жатқанын айтты.

Сессия аясында қазақстандық делегация халықаралық ветеринария, биологиялық қауіпсіздік және трансшекаралық аурулардың алдын алу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ДЖДҰ бас директоры Эммануэль Субейранмен кездесу өткізді.

«Қазақстан ветеринариялық қызметті дамытуда, халықаралық стандарттарды енгізуде және Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуда жүйелі жұмыс жүргізіп келеді», – деп атап өтті Эммануэль Субейран.

Ұйым басшысы Қазақстанның ғылыми-диагностикалық әлеуетін дамыту мен ветеринариялық қызметті жаңғырту тәжірибесіне жоғары баға беріп, оны халықаралық деңгейде таныстыруды ұсынды.

Айта кетейік, Айдарбек Сапаров ДЖДҰ министрлік дөңгелек үстелі мен Бас сессиясында сөз сөйлеген Орталық Азиядағы жалғыз ауыл шаруашылығы министрі болды.