Танымал кәсіпкер Кеңес Рақышев әлеуметтік желіде әкесінен қалған көлік туралы әсерлі естелігімен бөлісті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кәсіпкердің айтуынша, ел арасында «шоха» аталып кеткен көлік әкесі тарапынан 1994 жылы сатып алынған. Ал 1997 жылы, өзі 18 жасқа толғанда, әкесі батасын беріп, көлікті сыйға тартқан.
«Бұл жай ғана көлік емес. Бұл – әкемнің көзі. 1994 жылы әкем ел арасында “шоха” аталып кеткен осы көлікті сатып алған еді. Ал 1997 жылы мен 18 жасқа толғанда батасын беріп, осы көлікті маған сыйға тартты», – деп жазды ол.
Кеңес Рақышев алғаш рөлге отырған сәті әлі күнге дейін есінде қалғанын айтты. Оның сөзінше, дәл осы көлікпен алғаш рет жұбайы Әселдің алдына да барған.
«Рөліне алғаш отырған сәтім әлі күнге дейін есімде. Ең алғаш осы машинамен Әселдің алдына мақтанып барғаным да көз алдымда. Сондықтан бұл көліктің құны мен үшін өте қымбат», – деді кәсіпкер.
Ол жылдар өте түрлі көлік мінгенін, алайда әкесінен қалған бұл автокөліктің орны бөлек екенін атап өтті.
«Кейде шаршаған сәтте рөліне отырып, өткен күндерімді еске аламын. Машинаның ішінен әкемнің иісі шығатындай сезіледі», – деп жазды Кеңес Рақышев.