Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Ашхабадта өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жиын қорытындысында маңызды шешімдердің бірі қабылданып, 2028 жылы Қарағанды ТМД жастарының астанасы болып жарияланды.
Тиісті шешім ТМД елдері үкімет басшыларының кеңейтілген отырысында қабылданды. Оған сәйкес, 2027 жылы бұл мәртебе Минскіге берілсе, 2028 жылы халықаралық жастар жобасын Қарағанды қабылдайды.
Ашхабадтағы кездесу аясында Олжас Бектенов Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен және Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізді.
Тараптар сауда-экономикалық байланыс, көлік-транзиттік бағыттар, энергетика және ауыл шаруашылығы мәселелерін талқылады.
Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзара сауда көлемі 125,3 млн долларға жетті. Бұл ретте қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты есебінен жеткізілім көлемі 15 пайызға артқан.
Отырыс барысында ТМД елдерінің цифрлық трансформациясы, тау-кен металлургия кешенін жаңғырту, логистика, жасанды интеллект, су қауіпсіздігі және көлік дәліздерін дамыту мәселелері көтерілді.
Олжас Бектенов Қазақстанның ТМД мемлекеттерімен экономикалық байланысы өсіп келе жатқанын айтты. Оның мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ТМД елдерімен тауар айналымы 38,4 млрд долларды құраған. Ал 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында өзара сауда көлемі тағы 17,1 пайызға өскен.
Жиын қорытындысында тау-кен металлургиясы, радионавигация, көлік инфрақұрылымы, цифрландыру және уран өндірісінен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіу бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды.