Қазақстанда балалардың шотына үш жылда 2,5 млрд доллар жиналды

Қазақстанда балалардың шотына үш жылда 2,5 млрд доллар жиналды
gov.kz

Қазақстанда "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы аясында кейінгі үш жылда балалардың шотына 2,5 млрд доллардан аса қаражат жиналған. Бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылып, ұлттық ресурстардан түсетін табысты азаматтар арасында бөлудің маңызды тетіктерінің біріне айналды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жоба екі мақсатқа бағытталған. Бірі болашақ ұрпақты қолдау болса, екіншісі - ұлттық байлықтан түсетін табысты халық игілігіне пайдалану.

Бағдарлама бойынша жиналған қаражатты тек тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға жұмсауға болады. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған азаматтар жүйеге автоматты түрде қосылады, арнайы өтініш берудің қажеті жоқ.

Жинақ АҚШ долларымен есептелетіндіктен, қаражат инфляциядан қорғалған. Ал қаржыны 18 жасқа толғанға дейін пайдалану мүмкін емес, бұл оның мақсатсыз жұмсалуына жол бермейді.

2026 жылы бағдарламаға қатысатын 6,9 млн балаға Ұлттық қордан 130,71 доллардан аударылған.

Ал 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін 206 мыңға жуық өтініш орындалған. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға 127 мың өтініш бойынша 19,7 млн доллар, ал білім алуға 78 мың өтініш бойынша 12 млн доллар жұмсалған.

Мамандардың айтуынша, қазір әр балаға шаққандағы сома көп көрінбеуі мүмкін. Алайда бағдарлама жинақ жүйесімен жұмыс істейтіндіктен, оның негізгі тиімділігі уақыт өте байқалады. Әсіресе, бағдарламаға ұзақ уақыт қатысқан балалар көбірек қаражат жинай алады.